12.08.2022, 13:01
Оқылды: 95

Еңбегі – ерен, өмірі – өнеге  

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығына жиналған қауым ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері, Жәнібек ауданының құрметті азаматы Қозыкеш Омаровпен кездесті.

18

Аталмыш кездесу еліне еңбегімен елеулі аяулы ағамыздың мерейлі 80 жасына орай ұйымдастырылды. Медицинамен өмірін байланыстырған атпал азаматқа құтты болсын айта келген жандардың қатары мол болды. Кеш барысында орталық директорының орынбасары Сәуия Темірова сөз алып, кештің басты кейіпкеріне Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолланың атынан алғысхат табыс етті. Сонымен қатар облыс әкімдігінің атынан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев те ақ тілегін арқалап, кеш иесіне арнап алғысхатын ала келді.

21

– Қадірлі Қозыкеш Қасымұлы, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Адам өмірінің мәні – жас күніндегі арманының орындалуы екен. Мектеп қабырғасында жүріп жаныңыз қалаған, саналы түрде ден қойған мамандықтың иесі болдыңыз. Бар ғұмырыңызды айналамыздағы адамдардың тәні мен жанын емдеуге арнадыңыз. Сонымен қатар медицинадағы орыс тілінен және шет тілінен енген терминдерді қазақшалауға да алғашқылардың бірі болып үлес қостыңыз. Сол сөздік кітабыңызды көріп, сізді жаңа қырыңыздан танып, қуанып тұрмын. Сіздің осындай еңбектеріңіз үшін еңкейіп басымызды иеміз,- деді Ерлан Ерсайынұлы.

8

«Ақниет» денсаулық сақтау кәсіподақ БҚО филиалы төрағасы Салават Елтайұлы алғысхатқа қоса сыйлық сыйлады. Қозыкеш Қасымұлына «Денсаулық саласының құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесі, облысымыздағы денсаулық сақтау ұжымдары,  Жәнібек, Орда, Ақжайық ауданынан арнайы келген тілектес жандар Қозыкеш ағаның мәртебесін асқақтатты.

20

Кездесу кешінде ҚР Мәдениет саласының үздігі Рүстем Кереев, Азамат Жұмаев, Әділ Ахметовтер кештің сәнін келтіре ән шырқады. Осы іс-шараның құрметті меймандарының бірі ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, термеші Қатимолла Бердіғалиев әуезді әнді әуелетсе, Берік Шаймарданов күмбірлеген күйін арнады. Кеш барысында батыстың біртуар азаматының атқарған еңбектері жайлы сөз қозғалып, жиналған жұртшылық Қозыкеш Қасымұлының ғұмырнамалық мағыналы әңгімелерін ден қойып тыңдады.

 Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале