Бүгін оралдық триатлоншы Анель Сытдықова журналистермен кездесті.
Бұған дейін Анель Сытдықованың Лос-Анджелесте (АҚШ) жүзуден Санта-Каталина аралдарынан құрлыққа дейін, әлемдегі ең беделді марафондық қашықтықтың бірі Каталина бұғазын (Catalina Channel Swimming) тоқтамастан 18 сағат 19 минутта жүзіп өткенін ( шамамен 34 шақырым) жазған едік.
- Бір апта бұрын өткен жүзу марафоны оңайға соққан жоқ. Өйткені ағысқа қарсы жүздім, әрі қарама-қарсы жел соқты. Күтпеген жағдай болуы мүмкін еді. Бұл жолы ертерек жүзіп келуді жоспарладым. Бірақ ойдағыдай шықпады. Судың салқындығы 21 градус болды. Таңмен бассейінде күніне екі-үш сағат жаттығамын. Ресейлік жаттықтырушы Сергей Ленивкинмен жұмыс жасаймын. Ол мені 2019 жылы Ла-Манш бұғазын жүзіп өтуге баптады. Әлі күнге дейін жаттықтырып келеді, - деді Анель Әлібекқызы.
Оның айтуынша, марафон кешкі сағат 23:00 де басталып, 7 сағат түнде, 11 сағат күндіз жүзген. Марафондық жүзумен 2015 жылдан бастап айналысып келеді. 2018 жылдан Англияның Оксфорд қаласында тұратын Анель Тасқала ауданы Тасқала ауылының тумасы. Оралға көшіп келген соң, 17-інші мектепте оқып, тәмамдаған.
Қазақтың "темір ханшайымы" болашаққа қатысты жоспарлармен де бөлісті. Анель әлемді аралап, Жапония мен Жаңа Зеландияға қарасты бұғаздарда жүзіп көргісі келеді.
Динара Насыр,
Сурет автордікі
zhaikpress.kz