13.08.2022, 12:58
Оқылды: 54

«Ауыл аманаты» - ауылдағы өндірісті дамытуға үлес қосса...

Естеріңізде болса, қазіргі «Amanat», бұрынғы «Nur Otan» партиясы 2021 жылғы сайлауалды бағдарламасын «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» - деп атаған болатын.

IMG-20220812-WA0056

- Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі бағдарлама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты обьективті көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл – ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қабылданған. – делінген тұғырнамада.
«Amanat» партиясы «әр азаматқа лайықты өмірдің» бір тетігі ретінде «Ауыл аманаты» жобасын ұсынуда.

Бүгін жобаны түсіндіруші топтың өкілдері Сырым ауданына келіп, халықпен кездесулер өткізді. Жоба өкілдері алдымен Алғабас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Халықпен бірге жиынға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Amanat» партиясының Сырым аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Дарғожиев қатысты.

«Ауыл аманаты» - ҚР Үкіметі мен бас партияның халықтың табысын арттыру үшін қолға алған бастамасы. Жоба аясында кәсіппен айналысып, жеке күнкөріс деңгейін көтеріп, қала берді ауылының дамуына үлес қосуға ниетті азаматтарға 2,5 пайызбен несие берілу көзделген. Әрине, іс бастағандарды қаржылай қолдауды – қазақстандық қоғам үшін жаңалық деп айта алмаймыз. Кейінгі онжылдықта осы тақылеттес бірқатар жоба жүзеге асқан – ды. Алайда, «Ауыл аманатының» «тың бұрылыстары» бар екенін айтуға тиіспіз.

Түсіндіруші топтың өкілі, бизнес – тренер Динара Сүйінішқалиеваның айтуынша, жобаға 18 жастан асқан жастардан бастап зейнет жасына дейінгі азаматтар қатыса алады. Осыған дейін, мемлекеттен несие не грант алу үшін кәсіп иесіне жұмыссыз болу талап етілетін. Бұл жобаға жеке кәсіпкерлердің, бюджеттік қызметкерлердің де «таласы бар» Тек мемлекеттік қызметкерлер сырт қалып отыр. Мұны бір деп қойыңыз.

Несие алу үшін кепілге әдетте жылжымайтын мүлік қойылады. Ал, ауылдағы ағайынның саман тастан салынған үйінен басқа несі бар? Оны қаржылық ұйымдар кепіл ретінде қабылдамайды. Міне, партияның жобасы осы кедергіні де жойып отыр. Енді ауылдағы қарапайым үйлер де кепілге жарайды. Бұл – екі!

Үшіншіден, коэфицент 80/20 – ны құрап отыр. Яғни, іс бастаушы керек қаражатының 20%-ына татитын жылжымайтын мүлік ұсынса, қалғанына «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепіл болмақ.

Төртіншіден, ұзын – сонар құжат тізімі барынша қысқартылған.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жобаның пайыздық мөлшерлемесінің ауыл халқы үшін тиімді екенін ерекше атап өтті.

- Әр ауылдың өзінің өнімі болуы тиіс. Біз бұл бағыттағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға дайын екенімізді айтып келеміз. Облыстағы дүкен сөрелеріндегі сүттің 80% - ы шетелден келеді. Сиыр саумай, Ресейдің сүтін сатып аламыз. Ауылда отырып, Оралдан нан алдырып жейміз, Маңғыстау мен Қызылорданың шұбатын ішеміз. «Ауыл аманаты» - ауылдағы өндірісті дамытуға үлес қосса екен. Бұл жобаға жеке кәсіпкерлер мен кооператив мүшелері қатыса алады. Болашақта кооператив мүлкіне иелік ету турасында сауалдар туындауы мүмкін. – деді аудан әкімі.

Жиналысқа қатысқан жергілікті халық ойларындағы жоспарларымен бөлісіп, кәсіпкерлік нысандары мен ауылшаруашылық құрылымдарындағы еңбек шартын сақтау жөнінде айтты.
Пилоттық жобаның тиімділігі ауыл әкімдерінің іскерлігіне тікелей байланысты. Себебі, «Ауыл аманаты» бизнестің басым бағыттары мен әлеуетті қатысушыларды анықтау мақсатында ауылдық жерлерді «скринингтен» өткізбек. «Скрининг» барысында елді мекеннің географиялық ерекшелігі, шаруашылық пен бизнеске қолайлылығы, еңбек, қаржылық және өзге де ресурстары жөнінде сандық көрсеткіш жинақталады. Анықталған статистикалық ақпарат жобаның тиімділігіне қызмет жасайды.
«АУЫЛ АМАНАТЫ» - жекелеген кәсіпкерлерден гөрі, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін тиімді болмақ. Төмен мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие, АШ техникасы мен құрылғылары үшін лизинг, инвестициялық субсидиялар ұсынылса, шаруашылықтардың табысы артып, сол арқылы ауылдың да ажары кірері анық.

Міне, «Amanat» - тың жаңа жобасы мойынына осындай аманат артпақ. Әзірге, бағыт дұрыс. Іс қалай болатынын болашақ көрсетеді.
Жобаның өкілдері түсте жымпитылықтармен жүздесті.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале