Отан қорғаушылар – ел бүтіндігін сақтайтын жауынгерлер. Шекараны шегендеп, «етек-жеңді» бүтіндеп отыратын шекара қызметкерлері. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толды. Кәсіби мерекеге орай Жәнібек аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жиынға жас сарбаздардан бастап ардагер шекарашылар мен мәртебелі қонақтар қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов шекара қызметкерлерінің абыройлы міндетін ерекше атап өтіп, шекара шебін тәулік бойы қырағылықпен күзетіп, қызмет ететін ел қорғаушыларды мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарада әскери-жауынгерлік қызметтегі табысы үшін бірқатар қызметші марапатталды. Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының басшысы, подполковник Қуанышбек Нүсіп облыс әкімінің, қатардағы жауынгерлер Ермахан Гайнуллин, Эдуард Жұмагереев, Альберт Сүндеталиев, сержант Рүстем Хасенов, Бахтияр Нұрышев, кіші сержант Асылхан Сералиев, ефрейтор Болатбек Наурызғалиев аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Ізін ала, аудан бойынша шекара басқармасының басшысы Қуанышбек Нұржауұлы сөз алып, барша шекарашыларды құттықтап, қашанда халықтың бейбітшілігі үшін мінсіз қызмет ететіндіктерін атап өтті.Басқарма басшысы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі БҚО бойынша департаментінің бастығы Б. Рысбековтың грамотасын шекарашылар Ербол Рахметов, Равиль Зұлпыхаров, Бахтияр Нұрышев, Тимур Мұзаппаров, Жігер Қасымовқа табыстады.
Шара концерттік бағдарламаға ұласты. Концертте аудан өнерпаздарымен бірге шекарашылар да өнер көрсетті. Салтанатты жиынан кейін халық десанттық-шабуылдау әскерлерінің өнерін тамашалады. Шекара қырандары фойеде қару-жарақ құру жолдарын және орталық алаңда қойын-қолтық күрестің қыр-сырын көрсетті.
Ә. Әбділда,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz