22.08.2022, 10:47
Оқылды: 83

"Адамзат қоғамының жаппай біржола ізгіленуі мүмкін бе?.."

Махаббатпен  жаратқан  адамзатты,

Сен  де  сүй  ол  Алланы  жаннан  тәтті.

Адамзаттың  бәрін  сүй  бауырым  деп,

Және  Хақ  жолы  осы  деп  әділетті.

АБАЙ

2020_01_27_013936946700

Теймур  Атаев  –  әзірбайжандық  публицист,  тарихшы,  саясаттанушы,  дінтанушы.  Ол  1962  жылы  3  қыркүйекте  Баку  шаһарында  өмір  есігін  ашқан.  1984  жылы  қазіргі  Баку  мемлекеттік  университетінің  тарих  факультетін  тәмамдаған.  Осы  уақытқа  дейін  түрлі  саяси  және  экономикалық  құрылымдарда  жұмыс  істеген.  2007  жылдан  бастап  публицистика  жанрында  қалам  тартып  келеді. 

Атаев кітап

Т.  Атаев  –  оннан  астам  кітаптың  авторы.  Сондай-ақ  мыңнан  аса  мақала  жазған.  Еңбектерінде  геосаясат,  тарих,  дін,  әдебиет,  мәдениет  салаларын  зерттеген.  Абайдың  қара  сөздерін  де  зерделеп,  кітап  жазған.  Бұл  кітаптың   тұсаукесері  жақында  Нұр-Сұлтанда  өтті.  Т.  Атаев  – Бірінші  Қарабақ  соғысының  ардагері, Әзірбайжан  Журналистер  одағының  мүшесі.

– Теймур мырза, «Абайдың ұлылығы немесе ойшылдың ХХІ ғасырдағы портретін жасауға талпыныс» деген кітап жаздыңыз. Жақында аталған ең­бегіңіздің тұсаукесері Нұр-Сұлтанда өтті. Абайдың шығармашылығымен қашан таныстыңыз және сізді  несімен  қызықтырды?

– Мектеп кезінде бізге «КСРО халықтарының мәдениеті» деген пән оқытылды. Абайдың аты-жөнін алғаш сол сабақта естідім. Университетте де ұстаздарымыз бізге Абай әлемін таныстырды. Бірақ мен ол кезде ұлы ақынның шығармашылығына терең бойлай қойған жоқпын. 2018 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген ісшараға қатысу үшін Қазақстанға бірінші рет келдім. Сонда ұйымдастырушылар шетелдік қонақтарға «Абайдың қара сөздері» жинағын сыйлады. Бұл кітапты мен бізге қаланы аралатып жүргенде, аутобуста отырып-ақ оқып бастадым. Ойшыл көтерген философиялық, әлеуметтік мәселелердің жай-жапсары маған қатты әсер етті. Қара сөздерді оқып бітірген соң, осы тақырыпта мақала жазуға ниеттеніп, тереңірек іздене бастадым. Бұл ізденіс қазақтың бас ақыны туралы кітап  жазуға  жетеледі.

– Үш бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы бөлігінде қазақтың тарихы жөнінде жазасыз. «Қасым ханның қасқа жолына», «Есім ханның ескі жолына», Ахмет Яссауи іліміне, Ислам дінінің қазақ даласында таралуына т. б. өте маңызды оқиға-жайттарға тоқталасыз. Неге Абайды зерттей отырып, қазақтың өткенін  де  қаузадыңыз?

– Өйткені Абайдың не жөнінде айтып-жазып отырғанын толық түсініп, сіңіру үшін алдымен қазақтың тарихын жалпылама болса да, оқу керек екенін түсіндім. Қазақтың тарихы өте бай. Сонымен қатар менің әуелден бергі ұстанымым – белгілі бір тұлға жайлы кітап жазсам, тұсаукесерін оның туған елінде өткіземін. Мысалы, Ғабдолла Тоқай жайлы еңбегімді алғаш Қазанда таныстырып, оқырмандар назарына ұсындық. Ал Әмір Темір туралы зерттеуім басылып шыққанда, тұсаукесерін Өзбекстанда ұйымдастырдық.

– Абайдың қара сөздерінен жалпыадамзаттық қандай құндылықтарды аңғардыңыз?

– Абай мейірім мен махаббат туын көтереді. Өзіңе қандай жақсылықты қаласаң, өзгелерге де соны тілеуге шақырады. Оның ойларының қайнар көзі – Алланың кітабы. Ақын қара сөзінде «Құраннан» мысал келтірмегенімен, адамзатты сүю, бауырмалдық, ғылым-білімге ұмтылу – мұның бәрі де «Құран» аяттарында айтылған. Сөйте тұра, ол дін атын жамылып, елді алдап жүргендерді сынға алады. Бұл жерде біз Абай Исламды емес, діннің атын жамылып, осы дүниелік, яғни пендеуи арам пиғылдарын іске асыратындарды шенегенін ұғынуымыз керек. Әзірбайжанның Мирза Фатали Ахундов, Теймурбек Байрам-Әлібеков секілді ағартушылары да осындай мәселелерді көтерген. Олар да бұқараның көзін ашып, ғылымның мән-маңызын түсіндіруге тырысқан. Халықтарымыздан шыққан ойшылдар төл дәстүрің мен мәдениетіңді, тарихыңды құрметтеп, әлемдік өркениеттен де керегіңді алуға үндеген. Абайдың еңбектері әлі де өзектілігін жоймағанын айта кету керек. Себебі адамдар әлі де өзгерген жоқ, қоғам әлі де сол баяғыдай. Заман дамығанмен, кісілердің бір-біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы әлі сол қалпында. Жердегі тіршілік басталғаннан бері осылай болған және өкінішке орай, осылай бола береді. Демек, адамзат қоғамы біржола ізгіленбей, Абайдың нақылдары, жалпы Абай әлемінің құндылықтары  ескірмейді, көнермейді. Ал адамзат қоғамының тұтастай  біржола ізгіленуі мүмкін бе өзі?..

Тіпті, солай болған күнде де ғаламдық ақыл-ой алыптарының бірі ретінде Абай – адам баласын һәм күллі адамзат қоғамын ақ жолдан адастырмас рухани шамшырақ деңгейіндегі  кемел  тұлға.

– Қазақстанның бірнеше қаласында болған екенсіз. Біздің еліміз жайлы қандай пікірдесіз?

– Иә, мен қазақ елінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Талдықорған қалаларын көрдім. Әр шаһар өзінше сәулетті болғандықтан, бәрі де жақсы әсер қалдырды. Түркістан рухани орталыққа айналып келеді. Ал астана мені қатты таңғалдырып, елорда жайлы көлемді мақала жаздым,  ол «Казахстанкая правда» газетінде жарияланды. Сонымен бірге Алғыс айту күнінде ресейлік сайтқа қазақ халқы туралы мақала жазып, ұлтыңызға рақметім мен ризашылығымды білдірдім. Өйткені өткен ғасырда көптеген ұлт жүк вагондарына отырғызылып, Қазақстанға күштеп көшірілген. Қазақстандағы әзірбайжан диаспорасы да осылай пайда болған. Сондай қиын күндерде қазақтар әзірбайжандарға соңғы нанын бөліп беріп, көмектескен. Мұндай жақсылықты біз ұмытпаймыз, бәрі есімізде. Қазақ халқына зор алғыс айтамыз. Қазақ елінің бет-бейнесі – осындай.

– Әзірбайжандар кітап оқи ма? Сіздің еліңізде қандай жанрларда жазылған туындылар ел-жұрттың  назарына  жиі  ілігеді?

– Өкінішке қарай, қазір бүкіл әлемде адамзат бұрынғыдай кітап оқымайды. Бұрын жұрт кітап оқып, сол арқылы білім жинайтын. Ал қазір бәрі ғаламторда отырады. Онда ақпарат жеңіл әрі үстірт беріледі. Сондықтан тереңдіктен, терең таным-білімнен айырылып, алыстап бара жатқандаймыз. Ал кітап оқитын азшылыққа келсем, әркім өзінің талғамына сай әр  түрлі  жанрды  жөн көреді.

– Бірінші Қарабақ соғысының ардагерісіз. Тап сол майданда, өкінішке қарай, Әзірбайжан біраз аумағынан айырылып қалды. Ал – Екінші Қарабақ соғысындағы жеңіс әзірбайжандарға рухани тұрғыда қалай  әсер  етті?

– Бұл жеңіс – Бас қолбасшы, Президентіміз Илхам Әлиев бастаған қуатты әскеріміздің арқасы. Біз 30 жыл бойы мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Бірақ Біріккен ұлттар ұйымы да, халықаралық өзге ұйымдар да халықаралық құқық бойынша Әзірбайжанның жері саналатын аумақты қайтару үшін 30 жыл бойы ештеңе істеген жоқ. Сондықтан халықаралық заңдарға сәйкес өзіміздің жерімізді күшпен қайтарып алуға мәжбүр болдық. Сөйтіп, әділдік салтанат құрды. Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қолдады. Жеңіспен құттықтау да жолдады. Біз басқыншыларды өз жерімізден қуып шықтық. Олар біздің мешіттерімізді шошқа бағатын қораға айналдырған, мәдени ескерткіштерімізді қиратқан.

Бірақ Шуша қаласы – әзірбайжан халқының жаны, мәдениетіміздің ошағы. Бұл шаһар өзінің нағыз иесіне қайтарылды. Бұл біздің рухани-мәдени тұрғыдан ғана емес, саяси-экономикалық жағынан да өркендеуімізге игі әсерін тигізуде. Халықтың рухы көтерілді, көпұлтты, көпдінді Әзірбайжан халқының ынтымақ-бірлігі нығая түсті.

– Теймур  мырза, адамзаттың болашағы жөнінде  не  ойлайсыз?

– Қазір жер бетінде кереғарлық бар. Кей мемлекеттер ғарышқа дейін ұшып, озық техника мен технологияның игілігін көріп отырса, ал кей елдер кедейлік пен аштықтан, жұқпалы аурулардан көз ашпай отыр. Ғылым қанша дамығанмен, жан дүниеміз роботтанып бара жатыр. Егер адам баласы бір-бірін сыйлауды, бірі-біріне жанашыр болуды үйренсе ғана болашағымыз жарқын болмақ. Ал бір-бірімізді қанап, қыра берсек, бәріміздің ертеңгі күніміз қараң. Осындай құрып-құлдыраудан құтылу үшін әлемдік діндер шақыратын адамгершілікке ұмтылуымыз керек. Сондай-ақ Абайдың ізгілік идеяларын ұстануымыз қажет. Бүкіл ғалам елдерін Абайды оқуға шақырамын.

– Түбі бір түркі жұртының бір өкілі ретінде қазақ еліне, әсіресе, қазақ жастарына қандай тілек айтасыз?

– Ғылым-білімге құштар болыңыздар дер едім. Өз халқыңыздың рухани байлығын сіңіріп, әлемдік мәдениеттің де асыл қазыналарын игергеніңіз жөн. Сонда жан дүниеңіз нұрлана түспек. Сонымен қатар қазақ жастарының ата-анасы мен ұлттық салт-дәстүріне қоса, ана тілін де жаппай ардақтап-қадірлегенін  қалар  едім.

– Ізгі ниетіңізге рақмет! Ізденісіңіз әрдайым жемісті  болсын, аман  жүріңіз!

 

Сұхбаттасқан  Алпамыс Файзолла,

Нұр-Сұлтан қаласы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале