24.08.2022, 16:45
Оқылды: 99

Ойын алаңдарының сиқы ойлантады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты қорғау мақсатында, ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау. Президент өз сөзінде «Балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп баса айтқан болатын.

IMG_6819

Балалардың алаңсыз өсіп, дамуы мен өмір қауіпсіздігін сақтау үшін балалар ойын алаңдарының маңызы зор. Яғни, балалардың бос уақытын заман талабына сай, қауіпсіз ойыншықтармен жабдықталған ойын алаңдарында тиімді ұйымдастыруымыз қажет. Осы мақсатта Казталов ауылында 6 балалар ойын алаңы орналастырылған. Олар негізінен ДСК, Қ.Сәтбаев, М.Иқсанов, С.Жақыпов, Х.Жақып және Лукманова көшелері бағыттарында. Ойын алаңдарының кейбірі жаңа ойыншықтармен жабдықталып, абаттандырылған болса, өкінішке орай, кейбір ойын алаңдарының тек сан көбейтіп тұрғаны болмаса, сапасы мүлде сын көтермейді. Мысалы, М.Иқсанов көшесінде орналасқан ойын алаңының есігі айқара ашық, іші лас, малдың қиы керек пе, сыраның шөлмегі мен темекі тұқылы керек пе, бәрі соның ішінен табылады. Ал С.Жақыпов көшесіндегі ойын алаңындағы ойыншықтардың күйі мәз емес. Баспалдақ тақтайшалары бекітілмеген және арқан жіптері үзіліп жатыр. Ойын алаңдарындағы жабдықтар мен қоршауларының көпшілігі көптен сырлау көрмей қақсып тұрғаны тағы бар, оған қаулаған арам шөптерді де  қосыңыз. Жалпы жағдайы осындай кейіпте тұрған ойын алаңдарының тазалығын қоспағанда, қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғаудың өзі мұң. Балалардың бекітілмеген жерлерде, жол бойында ойнап өкінішті жағдайға ұрынбауы үшін, олар ойнайтын орынның талапқа сай таза, қауіпсіз болғаны дұрыс. Осы орайда Қазталов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Мырзағалиевтен балалар ойын-алаңдарының жай-күйі мен күтіп-ұстау бағытындағы жұмыстар жөнінде сұраған едік.

«Казталов ауылында 6 ойын алаңы бар.

  1. ДСК бағытындағы балалар ойын алаңы мектеп түлектерімен жасақталып, қазіргі таңда теңгерімге алу жұмыстары жүргізілуде. Жерге орналастыру жобасы жасақталған.
  2. Казталов ауылдық округі әкімі аппаратынан Қ.Сәтбаев көшесіндегі балалар ойын алаңын жаңарту үшін кезекті мәслихат сессиясына сұраныс берілді. Қаражат мақұлданып, мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру беру үшін тиісті құжаттар жасақталуда.
  3. М.Иқсанов, С.Жақыпов, Лукманов көшелері бойында орналасқан балалар ойын алаңдарының тазалығы аталған көшелер бойында орналастырылған мекемелерге жүктелді.
  4. Х.Жақып көшесі бойындағы балалар ойын алаңы, сол көшенің тұрғындарымен жасалған болатын. Құжаттарын рәсімдеу үшін округ әкімшілігіне тұрақты пайдалану құқығына алу бойынша жер комиссиясына жолданып, комиссия қорытындысымен жерге орналастыру жобасы жасақталды.

Ойын алаңдарын күтіп ұстау, яғни, сырлау, жабдықтарды жөндеу, абаттандыру барлығы округ әкімішілігінің жауапкершілігінде. Ал ішін артық тұрмыстық қалдықтардан, қағаздардан, қоқыстардан тазартуды аймақ бойынша мекемелерге бөліп бердік. Сенбіліктер кезінде әр мекеме өздеріне бөлінген балалар алаңын тазалап отырады», - деді ол.

IMG_6818

Әр ата-ана өз баласының балалық шағының алаңсыз болуын қалайды және әрдайым оның өмірі мен денсаулығына алаңдаушылық білдіреді. Казталов ауылы М.Иқсанов көшесінің тұрғыны Баян Әлімжанова да (аты-жөні өзгертіліп берілді) ойын алаңдарының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, өз пікірімен бөлісті: «Мені ата-ана ретінде балалар ойын алаңының  жағдайы қатты алаңдатады. Кішкентай ойын жасындағы екі балам бар. Үйімізде жол маңында орналасқан. Сондықтан мен балаларымның еш қауіпсіз ойын алаңдарында ойнағанын дұрыс көремін. Алайда ойын алаңдарында орналасқан ойыншықтардың ескілігі мен ішінде тазалықтың сақталмауы қынжылтады. Жергілікті әкімшілік тарапынан ойын алаңдарын жаңалауға жеткілікті көңіл бөлінсе және тұрғындар өзіміз болып әрдайым тазалықтың сақталуын қамтамасыз етсек деген тілегім бар».

IMG_6810

Бала – біздің болашағымыз. Олардың таза, қауіпсіз, айналасы әдемі жерде алаңсыз ойнап өсуіне жағдай жасау  – баршаның міндеті. Сондықтан әр адам, әр тұрғын айналасындағы ортақ мүліктерге бей-жай қарамау керек. Тұрғындар жауапкершілігінің аздығы, ойын алаңдарында домалаған сыра шөлмектерінен, тартылған темекі тұқылынан, айқара ашық қалған есіктерден-ақ байқалып тұр. Бұл бір ғана ауылдық округі әкімшілігінің мойнына жүктелген мәселе емес, күнделікті айналамызды таза ұстау баршамыздың экологиялық мәдениетіміздің мәселесі. Жергілікті атқарушы орган ойын алаңдарының іші-сыртын жаңартып жөндесе, жай тұрғындарда жалпыға ортақ ойын алаңдарына жайбарақат қарамайды деп сенеміз.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале