Бәйтеректік басшылар білім саласына, соның ішінде мектептерді жаңартуға жіті мән беріп отыр. Алдағы уақытта Трекин, Володар, Өркен, Садовый ауылдарында жаңа білім ұяларын салу жоспарда бар.
Бұл туралы аудандық білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясында айтылды. «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен жиынға аудандағы барлық мектептің басшылары, педагогтар, ардагер ұстаздар қатысты.
Конференция «Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта» деген композициялық қойылыммен (көркемдік жетекшісі - мектеп директоры Гүлмира Жиеналиева) ашылды. Содан соң ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен қолжеткен жетістіктер турасында бейнеролик көрсетілді.
- Білім саласы – бұл үлкен әрі жауапты сала. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде біздің педагогтарымыз көп тер төгіп келе жатыр. Ауданымыздан елімізге танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар аз шыққан жоқ. Кезінде соларға тәлім-тәрбие берген ұстаздар бүгінде педагогика саласының ардагері болып арамызда отыр. Олар зейнеткермін деп қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүргені бізді қуантады. Аудан басшысы Марат Лұқпанұлы Тоқжанов мұнда әкім болып келген кезде бірінші кезекте аудандағы барлық мектептің жағдайымен танысып шықты. Содан бастап бұл салаға жіті көңіл бөле бастады. Биыл төрт мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Щапов пен Жамбыл ауылдарында су жаңа білім ұясы бой көтеруде. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Жаңа мектептер салынады.
Осыдан 35 жыл бұрын біз де мектебімізден түлеп ұшқан едік. Білім ұямыз әлі күнге дейін ыстық. Ұстаздарымызға құрметіміз ерекше. Қолымыздан келгенше көмек қолын созғымыз келеді. Алтын ұя мектепке, ұстазға деген сағыныш тек менде емес, өсіп-өніп, мектеп қабырғасынан алыстап кеткен көп жанның бойында бары анық. Ендеше, осы сәтті пайдаланып, жаңа оқу жылының басталуымен ауданымыздағы барлық білім саласының қызметкерлерін құттықтап, толайым табыстар тілеймін,- деген аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Бәйменов бір топ педагогқа аудан әкімінің алғысхатын табыстап, «Жасыл мектеп» байқауында жеңімпаз, аталымдарға ие болған білім ұялары басшыларын марапаттады.
Бәйтеректік ұстаздар мен олардан тәлім алған шәкірттер облыстық, республикалық, халықаралық түрлі байқауларда топ жарып жүргенін тілге тиек еткен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлыбек Хайруллин облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ мұғалімдер аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жарыссөзде «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Бақтыгүл Аманшиева балаларға экологиялық тәрбие беру, Қ.Ахмиров мектебі директорының орынбасары Ару Мырзабаева ұрпақ тәрбиесі, Махамбет мектебінің кітапханашысы Клара Сапарғалиева баланы кітап оқуға баулу жөнінде баяндады.
Іс-шара барысында жас мамандар сала ардагерлеріне гүл шоқтарын табыстап, құрмет көрсетті. Ал Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған «Ақжелең» домбырашылар ансамблі «Ілме» күйін және «Еркеназ» би тобы «Арулар» биін орындады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz