26.08.2022, 9:46
Оқылды: 48

«Жасыл ел» еңбекке баулиды 

«Жасыл ел» еңбек жасағының ХVIII маусымының жабылуына орай Бәйтерек ауданының орталығында іс-шаралар легі өтті. Олардың арасында волейболдан ашық турнир, аудандық музей жұмысымен танысу, аудан басшылығымен кездесу бар.

IMG-20220826-WA0015

Айта кетейік, биыл аудан көлемінде 129 жас аталмыш еңбек жасағы сапында еңбек етті. Мәселен, Переметный, Дариян, Мичурин ауылдарының әрқайсысында - 30, Январцевта - 24, Янайкинде - 10, Раздольныйда 5 бойжеткен мен бозбала жұмыс істеді. Былтыр тек ірі ауылдарда 80 жас болса, осы жылы олардың қатары айтарлықтай көбейгенін байқауға болады. «Жасылелдіктер» ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарына үлестерін қосты және жалғызілікті жандарға да үй шаруашылығына көмегін тигізді.

IMG-20220826-WA0014

- «Жасыл елдің» мақсаты – таңнан кешке дейін жастарды жұмыс істеп қою емес. Олардың рухани-интеллектуалдық, физикалық дамуына да жәрдемдесу. Мәселен, таяуда өткен Абай күніне орай аудандық, барлық ауылдық кітапханаларда түрлі кештер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Осынау іс-шараларға жасақ сарбаздары белсене қатысты. Спорттық сайыстардан тыс қалған жоқ. Жаз бойы ауылдарында еңбек еңбек еткен жастар тек ауылдастарын біліп қоймай, басқа округтардағы өз замандастарымен де таныссын, пікір алмассын, бір-біріне мотивация берсін деген мақсатта маусымның жабылу салтанатын аудан орталығында ұйымдастырып отырмыз,-деді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жанар Ғұбашева.

IMG-20220826-WA0009

Аудандық мәслихат депутаты Ұлданай Максимқызының айтуынша, соңғы кезде баласының «Жасыл елдің» қатарында болуын қалайтын ата-ана көбейген. Алайда олар ер жеткен не бойжеткен перзенттерінің еңбек етуге деген ниетімен санаспайтын көрінеді. «Әке-шеше үшін баласының ақша тауып, үйге әкелгені маңызды. Ол түсінікті де алдағы оқуына керек-жарағын алуға балаларының үлес қосқанын бәрі қалайды ғой,-дейді Ұлданай Максимқызы.

- Дегенмен біраз бала жұмыс жасау керек деген міндетті түйсінбейді. Жауапкершілік жоқ, есесіне еріншектік бар».

IMG-20220826-WA0012

Отбасында, қоғамда еңбек тәрбиесінің ақсауы, «Жасыл ел» осындай олқылықтарды жоюға септігін тигізеті турасында ашық сұхбат алаңында өткен кездесу барысында сөз болды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Жолдасқалиев жастармен кездесу кезінде осы мәселелерге кеңінен тоқталды. Нұржан Тоғызбайұлы «Жасыл ел»  жасөпірімдер мен жастарды еңбекке тәрбиелеудің үлкен құралы екенін атап өтті. Ол жаз бойы табысты еңбек еткен жастарға және бұл жобаның жүзеге асуына үлес қосқан құзырлы құрылымдарға, ауыл әкімдіктеріне ризашылығын білдірді.

-«Жасыл ел» - бұл үлкен қозғалыс. Жастар саясатының бір қазығы деп айтуға болады. Мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарда жүрген азаматтардың біразы кезінде осы «Жасыл елде» қызмет еткен болатын. Көп адам бұл жерден дос тапты, біраз нәрсеге үйренді, басқа да жетістікке жетті. Сол себепті «Жасыл елді» ақша табудың көзі ретінде ғана қарастыруға болмайды. Оның ауқымы кең, елге, қоғамға берер пайдасы мол,-деді Нұрғали Қаршығаұлы.

IMG-20220826-WA0010

Іс-шара барысында жастар аудандық музейдегі жәдігерлермен танысты. Волейболдан өткен ашық турнирге қатысты. Сайысқа түскен 8 команданың ішінен дарияндықтар үздік болса, Янайкин, Перметный, Январцев ауылдарының командалары қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті. Содан соң маусым кезінде белсенділігімен, үздік жұмысымен көзге түскен жасақ мүшелері марапатталды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале