27.08.2022, 9:45
Оқылды: 44

Қоңырау сыңғырлар күн таяу

«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет». Биылғы тамыз кеңесінің тақырыбы дәл осылай аталды. Мектеп ұстаздары мен білім саласына жауапты қызметкерлердің басын қосқан облыстық тамыз конференциясы сәрсенбі күні сәні мен салтанаты келіскен «Атамекен» өнер ордасында өтті. Өткен жылғы еңсерген жетістіктер мен алдағы адымды жоспарлар сараланған жиында үздік нәтижеге қол жеткізген ұстаздар мен мектеп ұжымдары марапатталды. Сондай-ақ алқалы басқосуда білім беру саласындағы бірқатар  мәселелер де  айтылды.

тамыз кенеси (3)

Оқушы тасымалдауға 54 жаңа аутобус

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл облыс бойынша 13 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Өңірде республикалық және облыстық бюджет есебінен апатты жағдайдағы алты мектептің, 16 шағын жинақты білім ұясының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ мектеп оқушыларын  тасымалдау үшін лизингке 54 аутобус  сатып алынбақ. Бүгінде сатып алу бойынша құжаттар дайын. Бұл туралы іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов айтты.

– Қайырлы күн, құрметті тамыз мәслихатына қатысушылар! Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Дәстүрлі тамыз конференциясы биылғы оқу үрдісіне бағыт-бағдар бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Соған орай өңірімізде арнайы жоспар аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шығармашылығын дамыту күн тәртібінен түскен емес. Облыстағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға мән берілуде. Былтыр жергілікті бюджеттен мектеп жиһаздарын сатып алуға 110 миллион теңге және кабинеттерді жабдықтауға 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 36 миллион теңгеге білім ошақтарына виртуалды зертханалар сатып алынды. Мектепке оқушыларды тасымалдау үшін лизингпен 54 аутобус  сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы оқу жылында аутокөліктер келуі керек. Білім  саласында толғандыратын мәселе де жоқ емес. Облыста үш ауысымды 10, апатты жағдайдағы алты мектеп бар. Апатты жағдайдағы білім ошақтарының орнына жаңа мектептер салынып жатыр. Сондай-ақ 16 шағын жинақты мектептің құрылысы басталды. Білім саласына жеке инвесторлар тарту, жеке мектептер салу бойынша жұмыстар жүруде. Былтыр мектепке дейін тәрбие беретін 29 балабақша ашылса, оның 26-сы жекеменшік. Облыста жалпы 32 мыңға жуық бүлдіршінді қамтитын 521  балабақша бар. Оның 109-ы жекеменшік. 3-6 жастағы бөбектердің барлығы дерлік (100 %) балабақшамен қамтылып отыр. Білім беру саласындағы күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Бұл бағытта қала мен аудан орталықтарындағы мектептердің камераларын жедел басқару желісіне қосу, дабыл түймесін орнату жұмыстары атқарылып келеді.  Барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылуда. Жазда балалардың қатысуымен жазатайым жағдайлар жиі орын алды. Сондықтан ата-аналар мен бүлдіршіндерге  қауіп-қатердің алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізу керек. Кез келген қоғам үшін басты міндет – жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу. Дені сау, саналы, рухани бай тұлғаны тәрбиелеу – мемлекеттің болашақта бейбіт аспан астында дамуының кепілі, – деді Арман Кәрімұлы.

«Ең үздік 100 мектеп» қатарында

ҰБТ қорытындысы бойынша БҚО-ның тоғыз білім ұясы республикалық «Ең үздік 100 мектеп» тізіміне  енген. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінен соң өңірдегі үздік мектептер көшін Тасқала ауданындағы «Сәулет» мектеп-лицейі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, Жаңақала мектеп-гимназиясы, «Білім-Инновация» лицейі  бастап тұр. Сондай-ақ олардың қатарында Орал қаласындағы
М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі, 125 HIGH SCHOOL жеке мектебі, Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Ақжайық ауданындағы Абай мектеп-гимназиясы бар. Тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Темірғалиева аталмыш мектептердің ұжымына, ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі жұмысына сәттілік тіледі.

– 2021-2022 оқу жылында оқушылар мен педагогтер түрлі білім сайыстарына қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жалпы, білім беретін пәндер бойынша 39 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Халықаралық олимпиадалардың нәтижесі бойынша шәкірттеріміз бір алтын, екі күміс, төрт қола жүлде иеленді. Сонымен қатар түрлі республикалық шығармашылық пен спорттық шараларда да жетістіктерге жетті. ҰБТ қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген мектептер – біздің мақтанышымыз. Бірнеше күннен кейін барлық білім ордасында жаңа оқу жылы басталады. Құрметті әріптестер! Біз сіздерден жемісті нәтижеге бағытталған кәсіби шешімдерді, шығармашылық белсенділікті күтеміз. Әрбір білім ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Келе жатқан «Білім күні» құтты болсын, – деді Светлана Ибрагимқызы.

Білім сапасы жіті тексерілмек

Биыл 23 маусымда ҚР  Оқу-ағарту министрінің №292 бұйрығымен «Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық» бекітілген. Аталмыш нұсқаулық мектептердегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл туралы панельдік сессияда Батыс Қазақстан облыстық  білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департамен-тінің басшысы Бұлбұл Күзембаева баяндады. Оның айтуынша, мектептердегі  білім беру сапасы енді жүйелі тексеріліп отырмақ. Соған орай арнайы қағидаттар енгізілген. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту сапасын бақылау кезінде балалардың балабақшадағы қауіпсіздігі, олардың толыққанды дамуы, білікті кадрлармен қамтамасыз етілуі, балабақшада бейнебақылау камерасының болуы тексеріледі. Балабақшаларды уақтылы аккредиттеу де қадағаланады. Ал жалпы орта білім беретін мектептерде білім сапасы оқушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу,  оқу жетістіктерін бақылау, бағдарламалар мен оқулықтарды салыстырмалы талдау, педагогтерді мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексерістер түрінде жүргізіледі. Сондай-ақ 4, 9-сынып оқушылары кешенді тестілеуден өтеді.

тамыз кенеси (1)

–  Еліміздегі жастарға техникалық және кәсіптік білім беруде барлық жағдай жасалған.  Еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлауда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – академиялық дербестік. «Академиялық дербестік бізге не береді» деген сауалға тоқталсақ, студентті қысқа мерзім ішінде жұмысқа орналастыруға, өндірістегі, еңбек нарығының сұранысына сай бейімдеуге, қосымша біліктілік алуға мүмкіндік береді. Студенттеріміз цифрлық басқарылатын пештерді, виртуальды тренажерлер мен 3Д принтерлермен жұмыс істеу арқылы цифрлық құзыреттіліктерін арттыруда. 2020-2021 оқу жылында колледжге кредиттік-модульдік технологияға негізделген «Сапрано-груп» халықаралық білім бағдарламасы енгізілді. Бұл бағыт бойынша 100 студент білім алса, оның 50-і биыл оқуды аяқтады. Ұлттық аккредитациядан өтіп, сертификат иелендік. Енді салалық халықаралық аккредитациядан өтуге және бағалауға даярланудамыз. Колледж дуалды оқытуды «Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы  бойынша жүзеге асыруда. Орал қаласындағы 12 кәсіпорынмен келісімшарт жасастық. Бірқатарына тоқталсам,  «Диана» Орал тігін фабрикасы, «Мария» сән үйі, «Галактика», «Гастробар», «Ақ сарай» мейрамхана кешендері мен сұлулық салондарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Сараман кезінде білім алушыларға 50 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Жалпы, түлектерімізді нарық талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, кәсіби құзыретті, Отанын сүйетін азамат етіп тәрбиелесек, еліміздің экономикасы да дамиды деген сенімдеміз, –  деді Орал сервис технологиялар колледжінің директоры Айгүл Есқалиева.

Жиын барысында түрлі тақырыпта баяндамалар  оқылды. Оның ішінде педагогтердің кәсіби бағдарлай алуы, жастарды көп тіл білетін азамат ретінде тәрбиелеу, оқушыға білім нәрін себуде мектеп пен отбасының маңыздылығы сөз болды.

тамыз кенеси (4)

Бүгінгінің батырлары марапат төрінде

Тамыз кеңесінде үздік мектеп ұжымдары мен педагогтер, сала арадагерлері түрлі  марапаттарға ие болды. Жыл қорытындысы бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы деп Казталов ауданындағы Қараөзен мектеп-лицейі танылған. Жеңімпаз білім ошағының директоры Қайырлы Байжановқа алғысхат пен 48 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі Шыңғырлау ауданы Тасмола орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлнәр Мұхамбетоваға, Қаратөбе ауданы Қаракөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқаратын Самал Жуминаға, Орал қаласының А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Сара Сапарғалиеваға және Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақзия Ғайсинаға берілді. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Светлана Бисенбаева, Бақтығұл Тасмағамбетов, Берік Неғметов, Нәсіпқали Дәулетов және Асқар Акишев пен Меруерт Ишанова марапатталды. Бірқатар мұғалім БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан «Бүгінгінің батыры», «Білім шыңына жетелеуші», «Балаға мейірім сыйлаған» аталымдары бо-
йынша марапатталды. «Бү-гінгінің батыры» аталымы Орал қалалық №20 мектептің түлегі Данил Егузовке, Орал ақпараттық технологиялар лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Азамат Ахметжанға және Шыңғырлау колледжі-нің студенті Денис Липинге табысталды. Жасөспірімдер  Шаған өзеніне батып бара жатқан адамдарды құтқарып, ер-азаматқа тән ерлік жасаған. Ал «Балаға мейірім сыйлаған» аталымына Ақжайық ауданы Жайық негізгі орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Татьяна Круглова мен Жаңақала ауданының тумасы, блогер Айболат Бөкенов ұсынылды. Татьяна Ивановна «Қазақстан мұғалімі» ұлттық премиясына қатысып, «Бәріне білім» жобасы бойынша бір миллион теңге грант ұтып алған және оны мектеп кітапханасына жиһаздар сатып алуға жұмсаған. Ал қоғам белсендісі Айболат Ақболатұлы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында тұратын қос қолынан айырылған Аманжол есімді жеткіншекке көмек қажеттігі жөнінде әлеуметтік желілер арқылы мәселе көтеріп, оның екі бөлмелі пәтер алуына себепкер болды. Алматыдағы  протездік-ортопедиялық орталық 18 миллион теңге тұратын протезді бүлдіршінге тегін орнататын болды. Сондай-ақ ол халықтың демеушілігімен жиналған 11 миллион теңгені Аманжолдың депозитіне салған.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале