1.09.2022, 16:45
Оқылды: 55

Су мол болса, шаруа оңалады

Су – тіршілік көзі. Су тапшылығы бар жерде шаруашылық ұстау қиындайды. Әсіресе, ата кәсіппен айналысып, нәпақа айырған ағайынға қиын. 

1

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін халыққа жариялаған Жолдауында су жайын айтуы өте уақтылы болды.

Мемлекет басшысы: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы», - деп көптің көкейінде жүрген мәселені ашып айтты.

Менің «Теректі» шаруашылығым Теректі ауылдық округі жерінде орналасқан. Мал шаруашылығымен, егін салумен, көкөніс-бақшамен айналысамыз. Шаруашылықты кеңейтіп, жеміс ағаштарын салғымыз келеді. Ол жоспарымыз жүзеге асу үшін су керек. Тап осылай, жайылым, шабындыққа көпжылдық шөп себеміз, суармалы жерге егістік, бау-бақша саламыз деп жүрген іскер азаматтар бар.  Тек су тапшылығы қол байлап отыр.

ҚР Президенті су мәселесін шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек деп көрсетті. Ең бастысы, «Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деген сөзі көңіліме қонды.

Жоба арқылы өңірдің күре тамыры – Жайық суға толар деген үміт бар. Жайық суы мол болса, жағалай қонған елге молшылық кіреді. Қосымша суармалы жерлер алқабын кеңейтуге, бау-бақша салуға мол мүмкіндік туары сөзсіз. Мал басын көбейтіп, өрістік жайылымда ұстауға болады. Сол арқылы өңірді жергілікті өнімдермен қамтамасыз етіп, азық-түлік белдеуін қалыптастыруға болады. Арна бойы суға толса, экологиялық мәселені де оңымен шешуге болатыны анық.

Бұл – үлкен жоба, қаржылық  салымды қажет етеді. Сондықтан, «сиқырлы таяқтың» күшімен іске аса қоймасын түсінемін. Президент жобасы іске асып,  Жайықтан бастау алған арна бойы суға толарына, мал баққан, дән сепкен ағайынды қуанышқа бөлеріне сенемін.

Сержан Идиятов,

кәсіпкер, «Теректі» шаруа қожалығы басшысы

Теректі аудандық мәслихаты депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале