6.09.2022, 14:45
Оқылды: 66

Медицина – бірінші қажеттілік

«Денсаулық – зор байлық» демей ме, сол денсаулықты сақтауда ең маңызды міндет-қызметті медицина саласы атқарады. Үлкен шаһар болсын, шағын ауыл болсын, денсаулық сақтау мекемесінің болғанын бірінші қажеттілік деп біледі.

10

Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Мен келесі жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттілігіне бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыру шешімін қабылдадым. Екі жылдың ішінде бүгінде медициналық мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толығымен жабдықталады. Осылайша, мемлекет миллиондаған азаматқа медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді» деген сөздері халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған деп білемін.

Теректі ауданы бойынша 2 аудандық аурухана, 1 емхана, 6 ауылдық амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 28 медициналық пункт, 9 дәріхана жұмыс жасап тұр. Елуге тарта елді мекені бар аудан үшін бұл аз емес. Дегенмен Үлкен Еңбек ауылында, шағын Дуана, Шалқар  ауылдарында медициналық пункттің жаңа ғимаратын салуға тұрғындар тарапынан сұраныс бар. Аудан орталығындағы медициналық аппараттар да жаңартуды қажет етеді. Мамандар жетіспеушілігі жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселе. Жолдауда Мемлекет басшысы «Ұлттық жоба аясында аудандық 32 аурухана жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады» деді. Соның ішінде біздің ауданның да денсаулық сақтау мекемелері жаңартылады. Және Президенттің «Оларда инсульт орталығы, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімшелері пайда болады. Бұл төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телемедицина дамытылып, шалғай аудандардың тұрғындарының білікті көмек алуына жол ашылады» деген сөздері халықты ғана емес, ауылдық жердегі медицина қызметкерлерін де қуантты.

Ендеше, жерлестерімізге сапалы медициналық қызмет көрсетіп, әр адамның дені сау, сапалы өмір сүруін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайынбыз.

Зейіл Мағзомов,

Теректі орталықтандырылған ауруханасының бас дәрігері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале