12.09.2022, 18:00
Оқылды: 54

Үш магистралды каналды реконструкциялау басталды

Бүгін облыс әкімдігінде жиында өңірдің жалпы экологиялық жағдайы, табиғат және су ресурстары, орман шаруашылығы және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жайы қаралды. Мәжіліске облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

IMG-20220912-WA0078

Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов баяндама жасады. Баяндамада айтылғанындай, бүгінгі таңда Жайық өзеніне Ирикла су қоймасынан секундына 15 текше метр су түскен. Биылғы ақпанда Көшім каналынан суға батқан баржаларды шығару барысында су шығыны артқан. Нәтижесінде күні бүгін Жайық-Көшім жүйесінде Жайық өзенінен 350 млн текше метр су кірген. Бұл - алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

IMG-20220912-WA0077

– ҚР Үкіметінің қолдауымен 2021 жылы 147 млн текше метр Еділ суы тасымалданды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе артық. Биыл трансшекаралық Үлкен және Кіші өзендерге 167,0 млн текше метр су алу жоспарлануда. Жайықтың бойында орналасқан Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарында тазалау қажет ететін барлығы 27 өзеннің ескі арналары анықталып, көктемде 16 арнада тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл ескі арналарға 8-10 млн текше метр су ұстап қалуға септігін тигізді. Алдағы кезде 10 арнаға тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 3 арнаға жобалық-сметалық құжаттама және 8 арнаға су тасымалдау үшін дизельді насос қондырғысы мен қалқымалы көпір қою жобалануда. Үкіметтің қолдауымен және «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы шеңберінде жалпы құны 2,7 млрд теңге құрайтын Киров-Шежін каналының төртінші кезеңінің жұмыстары жалғасуда. Үстіміздегі жылы жобаны аяқтау көзделеуде. Сондай-ақ жобалық құны 2,6 млрд теңге болатын Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жалғасып, оны 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне су алу үшін құны 2,6 млрд теңге құрайтын Шаған ағыны мен Көшім каналын механикландырылған тазарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Жобаны қаржыландыру келесі жылға жоспарланды. Жарсуат және Чапай ауылдары тұсында жалпы ұзындығы 3 шақырым Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде.Бұл жобаның жалпы құны 2,8 млрд теңге құрайды. Биыл 28 млн текше метр су жинауға мүмкіндік беретін Жалпақтал су қоймасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары басталды. Жоба Ресейден суға тәуелділікті төмендетуге, тасқын су уақытында су жинақтауға және жылдар бойы көктемгі уақытта Казталов және Жаңақала аудандары арасында тасқын суды бөлуге қатысты туындайтын дауды шешуге ықпалын тигізеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты 2025 жылға дейін республика бойынша 120 каналды реконструкциялау көзделген. Қазсушар филиалының 9 магистралды каналы осы тізімге енгізілді. Соның ішінде Жәнібек магистралды каналын бетондау және каналды механикалық тазалау көзделген, - деді Алдияр Сансызбайұлы өз сөзінде.

IMG-20220912-WA0079

Ол бұдан әрі облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 2021 жылдан бастап, 2025 жылға дейін 15096 гектар ауданға орман дақылдарын отырғызу және  6581 гектар жерге орман дақылдарын толықтыру жоспарланып, 56,57 млн дана ағаш отырғызылатынын баян етті. Оның сөзінше биыл осы уақытқа дейін мемлекеттік орман қоры аумағында орман дақылдарын отырғызу 563,9 гектар алқапқа және 311,9 гектар алқапқа орман дақылдарын толықтыру орындалып, 2,188 млн дана әртүрлі ағаш-бұта тұқымдарының көшеттері отырғызылған.

– Биыл ағаш-бұта тұқымдастарының тұқымын жинау жоспары 16314 келі құрайды. Күні бүгін 10609 келі орман тұқымдары жиналып, оның 8944 келісі коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қорында орналасқан 8 орман тұқымбағында 12,8 гектар аумаққа егілді,-деді ол.

Аталған басқарма басшысы мемлекеттік орман қоры аумағында орман өртінің алдын алу және оны сөндіруде облыс бойынша жалпы штат саны бойынша 104 адам бар екендігін, орман шаруашылығы мекемелерінде 8 өрт сөндіру стансасының жұмыс істейтіндігін мәлім етті. Орман шаруашылығы мекемелерінде өртті бақылау мұнараларына 8 бейнебақылау камералары орнатылған. Ақжайық орман шаруашылығы мекемесі орманда адам өте алмайтын жерлерге қайықпен барып, заңсыз балық, аң аулайтын браконьерлерді анықтау анықтауға дрон сатып алған. Сонымен бірге дронның көмегімен өзен жағалауларында өрт жануы басталған жерлер анықталып, үлкен өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев аталған басқармаға «Қазсушар» филиалымен бірлесіп, Шаған ағыны (46,8 шақырым) мен Көшім каналына (22 шақырым) механикаландырылған тазарту жобасын жүзеге асыру бойынша қажетті шараларды, сондай-ақ аудан әкімдіктерімен тізе қосып, бекітілген жоспарға сай терек егуді қолға алу жөнінде тапсырмалар берді.

IMG-20220912-WA0076

– Өткен жылы Алдияр Сансызбайұлының жетекшілігімен басқармада бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Атап айтқанда, 2021-2022 жылдары су шаруашылығы саласын дамытудың және 2025 жылға дейін 37 мың гектар жаңа суармалы жерді енгізу жөнінде Жол картасы бекітілді. Орал қаласы және аудан аумағындағы бөгеттер мен тоғандардың кадастры дайындалды. Жайық өзенінің ескі арналарын тазалау жұмыстары қолға алынып, Жайықтың сол жағалауын суландыру мақсатында 3 магистралды каналды реконструкциялау жұмыстары басталды. 2021-2022 жылдары орман шаруашылығы мекемелеріндегі 6 орман тұқымбақтары тамшылатып суару жүйесіне ауыстырылды. Бүгін Алдияр Сансызбайұлының басқарма басшысы қызметіндегі соңғы күні. Өзіңізге қойылған тапсырмалар мен міндеттерді абыройлы атқарып келдіңіз. Сізге алғысымды білдіре отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін. Алдағы уақытта да осы салаға жанашыр болып, өңіріміздің экологиялық ахуалына белсене қатысады деген үміттемін, - дей келе ол Алдияр Халеловке алғысхат пен ескерткіш сыйлық табыс етті.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале