Медициналық құрылғыны перинаталдық орталық жетекшісіне салтанатты түрде табыс етті. Аппаратты «Аяла» қоғамдық қоры алып беріп отыр. Демеуші - «Самұрық-Қазына» компаниясы.

«Терапиялық гипотермияны дүние есігін ашқан нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Ол метаболизмді және нәрестенің бас миының зақымданған бөліктеріндегі жасушалардың қалпына келуін бақылауға мүмкіндік бере отырып, нақты температураны автоматты түрде ұстайды. Амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі»,- дейді дәрігерлер.

Бұл аппарат жоқ кезде дәрігерлер қолда бар құралдарды қолданған. Яғни, – нәрестенің айналасына мұз салынған немесе суық су құйылған пакеттер қойып жүрген. Реанимациядағы дәрігерлер мен медбикелер ондаған сағат бойы жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесін құтқару үшін оның қажетті төмен дене температурасын қолмен ұстап тұратын кездер де болған. Енді Гипотермия аппараты дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді дейді мамандар.


Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz
Суреттің авторы: Эльвира Меңдіғали