16.09.2022, 9:45
Оқылды: 51

Қазақстаннан Дубайға 84 миллион теңгенің алтынын өткізбек болғандар ұсталды

Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік жөніндегі бөлімшелері Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне бағалы металдарды заңсыз әкетуді жүзеге асырған қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

4

Басылым мәліметінше, контрабанда мемлекеттік бақылауды айналып өтіп, көлік полициясының лауазымды тұлғаларына пара беру арқылы жүзеге асырылған.

Алматы қаласының халықаралық әуежайында Көліктегі полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне кедендік және шекаралық бақылау аймағы арқылы "сәлемдемені" алып өтуі үшін 600 АҚШ доллары сомасында пара беру әрекеті кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Жеке тексеру барысында одан 1200 АҚШ доллары тәркіленді.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде әуежай ғимаратында ҚХР азаматы ұсталды, ол күдікті сыбайласы бола отырып, алтынды әуе арқылы Алматыдан Дубайға жеткізуі керек болған. Оның сөмкесінен полиция қызметкерлері салмағы 3 келі 200 грамм алтын құймаларын тапты. Оның құны шамамен 84 миллион теңгеден асады.

Тергеу сотының санкциясымен қазақстандық күдіктінің тұрғылықты жері бойынша Алматыдағы коттедждердің біріне тінту жүргізілді. Онда құймалардағы алтын мен металдың мөлшерін анықтайтын электрондық таразы мен арнайы құрылғылар тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамау туралы мәселе шешіліп жатыр. Тергеу қымбат металдың шығу көзін және қылмыстық топтың басқа да сыбайластарын анықтап жатыр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале