Оралда мейрамхана бизнесімен аты шыққан белгілі кәсіпкер Еркін Мұқанғалиевтің 40 күндік садақасы берілді.
Марқұмның әкесі журналистер алдына шығып, өз ойымен бөлісті.
«Мен тергеу ісі туралы ешқандай ақпарат білмеймін. Кім жүргізіп жатыр, қалай жүріп жатыр, қандай бап бойынша іс қозғап жатыр, әзірге ештеңе беймәлім. Тек нақты шешім шығарады деп, әділ сотқа ғана сеніп отырмын. Қоғамды дүр сілкіндірген кісі өлімі ғой, оның үстіне елдің бәрі танитын азаматтың өлімі. Тергеу тиянақты жүріп, сот дұрыс шешім шығарады деп сеніп жүрмін», - деді Темірғали Мұқанғалиев.
Қазір Еркін Мұқанғалиевтің бизнесін уақытша інісі жүргізіп отыр.
-Бизнес, жылжымайтын мүлікке қатысты қажетті құжаттармен тек 6 айдан асқан соң айналыса аламыз. Әзірге бизнесті нақты кім жалғастырады, кім жүргізеді, шешім қабылданған жоқ, - деді кәсіпкердің әкесі.
Бүгін 40 күндік садақасына жиналған Еркін Мұқанғалиевтің туыстары мен достары марқұм туралы естеліктерімен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, қалада 6 тамыз күні белгілі кәсіпкер Еркін Мұқанғалиевті өлтіріп кеткен болатын. Оқиға орнында түсірілген видео барлық БАҚ-та тараған еді. Сол видеодағы екі күдікті ұсталып, сот шешімімен екі айға қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz