Көлік жүргізушісі наркологиялық мас күйде болған. Бұл мәліметті бізге БҚО Полиция департаменті берді.
Оқиға Х.Доспанова көшесінде, №30-шы мектептің аялдамасы тұсында болған. Газ-53 көлігінің 32 жасар жүргізушісі үш жасөспірім қызды қағып кеткен.
"Медициналық сараптама қорытындысы көлік жүргізушісінің наркологиялық масаң күйде болғанын, оның марихуана шегіп алғанын анықтады" деп хабарлады Polisia.kz сайты.
"Жол апатынан зардап шеккен мектеп оқушылары ғой" деп дереу қалалық, облыстық білім бөлімдеріне хабарластық. Өкінішке орай, қалалық білім бөлімінен ешқандай ақпарат ала алмадық.
Қаланың бас мұғалімін оқушыларды жағдайы алаңдатпай ма?! Басқа себеп бар ма, білмедік. Бас мұғалім оқушылардың жағдайын көзімен көрді ме, ата-аналарымен сөйлесті ме, ол жағы да белгісіз.
Ал облыстық білім басқармасы бізге "Жол апатынан тек 2009 жылғы бір қыз бала зардап шекті" деп ақпарат берді. Облыстың бас мұғалімін қалалық білім бөлімі алдап отыр ма? Ақпарат неге толық емес?!
«Оқиға орнына бардым. Балалар автобусты айналып жүгіріп шыққан. Барлығы да Зашаған кентінде тұратын біздің мектептің оқушылары. Ауруханаға да барып келдім, балалардың жағдайы жақсы. Жарақат алған. Ата-аналарымен де сөйлесіп отырмын»,- деді №30-шы мектеп директорының м.а Өркен Өтепова.
"Кеше түскі 13:08 - де жедел жәрдем станциясына үш қыз баланы көлік қағып кеткені туралы шақырту түскен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем көлігі қыздарды балалар ауруханасына жеткізді" деп хабарлады БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«2010, 2011, 2009 жылғы үш қыз бала қазір дәрігерлердің бақылауында. 2010 жылғы қыз баланың мойыны жарақаттанған, 2011 жылғы қыз бала түрлі дене жарақатын алған және жіліншігі зақымданған, ал үшінші 2009 жылғы қыз жіліншіктің ашық жарақатымен ауруханаға жеткізілді" деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz