26.09.2022, 15:45
Оқылды: 94

Украин мәдениетінің мерекесі

Орал қаласындағы Достық үйінде этнос апталығы ауқымында украин мәдени-ағарту қоғамының іс-шарасы өткізілді. Жиында  Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері украин мәдениетінің мерекесіне арнап, жылы лебіздерін білдірді. БҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетовтың сөзінше, облыста 82 этнос өкілдері тұрып, жергілікті тұрғындармен тату-тәтті тіршілікте өмір сүруде. Соның ішінде «Еднання» украин этно мәдени бірлестігі 1994 жылы наурызда құрылған. Қазіргі таңда облыс көлемінде 10081 украин болса, оның 3654-і Орал қаласының тұрғындары болып саналады.   

6

– Бүгінгі концерттік бағдарламаның басым көпшілігін «Берегиня» украин әндері хорының орындауындағы ән мен би құрайды. Аталмыш ансамбль 2003 жылы қызметін бастады. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Лариса Григорьева. Бұдан төрт жыл бұрын ансамбльге «Халықтық ұжым» атағы берілді,- деді Медхат Мұсаұлы.

18

Украин мәдениеті мерекесінде аталған ансамбльдің орындауындағы украин халық және кеңес композиторларының бірнеше әндері шырқалып, өнер сүйер көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Аталған хор Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әнін де қазақ тілінде нақышына келтіре орындады. Олардан «Деркулочка» орыс халық әндерінің және «Малиновые зори» ансамбльдері де қалыспай, құлаққа жағымды тиетін өткен жылдар әндерін сызылта шырқады. Енді бір кезекте, кезінде бүкіл дүние жүзін шарлап шыққан  «Червона рута» әні шырқалды. Украиндық композитор Владимир Ивасюктің аталмыш әнін 1970 жылы «Смеричка» вокальды-аспапты ансамблінің орындауында алғаш естісек, бір-екі жылдан кейін бұл туынды «Червона рута» ансамблінің сүйемелдеуімен София Ротарудың шырқауында халық арасында кең таралып, сол кезеңдегі жастардың сүйіп айтатын хит әніне айналды.

20

Концерт жүргізушісі осы әнді айтылады деп хабарлағанда, жанымызда отырған украин халқының өкілі, зейнеткер Александра Курускинадан әннің атауы қандай мағына беретінін сұрадық. Жасы бізбен шамалас ол осыдан көп жыл бұрын Украинаның Харьков қаласында тұрған екен. Оралға қоныс аударғанына 40 жылдай болып қалыпты. «Червона рута» Карпат тауы халқының  нанымында мифтік гүл деген ұғымға ие»-деді ол.  Ал концерт барысында Вера Курасинаның орындауында аталған ән сәтті шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

14

Этнос апталығы шеңберінде Достық үйінің бірінші қабатында украин халқының ұлттық киімдері мен фотокөрмелері ұйымдастырылып, меймандардың алдына ұлттық тағамдары тартылды.

8

Украиндықтардың ұлттық ойындары тамашаланып, оған Орал қаласында әскери қызмет атқарып жатқан жастар, қаладағы №24, №44 және Назарбаев зияткерлік мектептері мен колледждер, қуыршақ театрының ұжымдары қатысты.

12

Шара соңында украина мәдениеті мерекесіне белсене атсалысқан бір топ өнерпазға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы атынан алғысхаттар, сыйлықтар табыс етілді.

5

25

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале