27.09.2022, 10:30
Оқылды: 46

Тайманов мектебіндегі дау

Орал қалалық А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияда дау шықты. Нақтырақ айтсақ, аталмыш білім ұясында оқып жүрген ұл-қыздардың ата-аналары оқу жылы басында сол мектептің ғимаратына көшірілген шаһардағы №23 ЖОББМ сыныптарын басқа мектепке ауыстыруын талап етіп, наразылық білдірді. Өйткені шәкірт санының көптігіне байланысты №34 мектеп-гимназияның 5-7-сынып оқушылары сабағын кешкі сағат 20:05-те аяқтап, үйлеріне кеш қайтып жүр.

11

Өткен сенбі күні аталмыш білім ошағына ата-аналар жиналып, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім беру бөлімінің басшылығына талап-арызын жеткізді.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын әбігерге салған мәселенің төркіні мынада болып тұр. Орал қаласындағы Алматы көшесінде орналасқан №31 мектептің ғимараты 1961 жылы салынып, қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектеп ретінде ашылған. 2018 жылы сол мектепке "Evo Com" ЖШС техникалық зерттеу жүргізіп, мектеп ғимаратын апатты деп тану туралы қорытынды берген. Аталмыш мектеп апатты деп танылған соң 2019 жылдың наурыз айында бі-лім ұясының педагогикалық ұжымы мен 366 оқушыны А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия ғимаратына көшіру туралы шешім қабылданған. Оқушылардың мектепке жаяу барып келуі қаперге алынып, жақын маңдағы мектеп-гимназия таңдалыпты. Сондай-ақ №31 ЖОББМ толықтай орыс тілінде сабақ беретін мектеп болып өзгертілген. Ал А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның жобалық қуаттылығы 1296 орындық болса, онда 1780 оқушы оқып жүрген. Содан былтыр Орал қалалық білім беру бөлімінің «№31 орта білім беретін мектебі» КММ-ны тарату туралы» қаулысы шығарылып, мектеп таратылған. Сол кезде білім ошағының 1-11-сыныбында 288 оқушы білім алып жүрсе, мектепалды даярлық тобында 12 бүлдіршін болған. Аталмыш мектептің барлық мұғалімі орыс тілінде оқытатын №23 мектепке ауыстырылған. Ал оқушылар үйреншікті білім алып жатқан жерден қол үзбеу үшін А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның ғимаратында қалдырылыпты.

– Біз, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның ата-аналары, мектеп ғимаратынан №23 ЖОББМ-ның (бұрынғы №31 ЖОББМ) сыныптарын көшіруіңізді сұраймыз. Өйткені №23 мектептің оқушылары үшін бірінші ауысымнан жеті, екінші ауысымнан жеті кабинет алуына байланысты мектеп-лицейде бірқатар мәселе туындап отыр. Біріншіден, мектеп-гимназияның 5-7-сынып оқушылары сабақтан кешкі сағат 20:05-те тарап жүр. Кешкі мезгілде көшеде бұралқы ит көп жүреді. Сондықтан бізді оқушылардың қауіпсіздігі алаңдатады. Екіншіден, пән кабинеттері мақсатына сай пайдаланылмауда. Технология кабинеттері бос болмауына байланысты технология сабағы мектеп жертөлесінде ұйымдастырылып отыр. Ағылшын тілі пәнінің кабинеттері бос емес. Мұндай оқыту үрдісі санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Білім ұясының асханасы екі мектептің оқушыларына тамақ даярлап үлгермейді. Сондықтан осы мәселенің оң шешімін көрсетуді сұраймыз, – деді ата-аналар.

Мектептегі ата-аналардың шағымына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова және А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның директоры Елжас Қадыров пен басқа да сала мамандары құлақ түрді. Ал жексенбі күні ата-аналарды Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызы өз кабинетінде қабылдап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Бөлім басшысы ата-аналар сұрағына толық жауап берді.  Бірнеше сағатқа созылған жиынның түйіні де шешілді.

«№23 метептің 1-4-сыныбында оқитын 116 оқушы А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия ғимаратынан І тоқсанның соңына дейін жалға алынған «Шапағат» орталығына көшіріледі. Ал 5-11-сынып оқушылары мектеп салынғанша, №34 мектеп-гимназия ғимаратында оқуын жалғастыра бермек», – деді Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты.
Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын. Орал қаласында үш ауысымды 6, апат жағдайында тұрған 2 мектеп бар. Бір білім ұясының ғимаратында екі мектеп оқушыларының білім алуы бірқатар мәселенің туындауына әкеліп соғатыны бесенеден белгілі еді. Бұл жағдай өңіріміздегі іргелі білім ошағы, жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша тереңдетіп оқытатын А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның білім сапасына әсер етпесе екен дейміз...

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале