ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төраға міндетін атқарушы Аслан Аталықов үндеу негізінен қонақүйлердің, жатақханалардың, пансионаттар мен пәтерлердің және басқа да тұрғын үйлердің иелеріне қатысты екенін айтты.
Оның айтуынша, көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажет.
Шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздерінің иммигранттары туралы Ішкі істер министрлігіне хабарлауға міндетті. Хабарлама шетелдік келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беріледі. Хабарлама берілмесе, пәтер немесе қонақүй иесіне айыппұл салынады, - делінген үндеуде.
Бұған дейін ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қоғамда кейбір көші-қон мәселелерін түсінбеушілік барын айтқан еді. Осы орайда ол "халықаралық міндеттемелерді орындай отырып, еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін әрқашан есте сақтаймыз" деп баса айтты.