Нидерландтың RIVM денсаулық институты соңғы аптада елде оң сынама, ауруханаға жатқызу және инфекцияның негізгі деңгейінің жоғарылағанын атап өтті.
Осылайша, Нидерландыда өткен аптада COVID-19 вирусын жұқтырудың 12 269 жағдайы тіркелді. Бұл – биылғы 13 тамыздан бергі ең жоғары және өткен аптамен салыстырғанда 39% жоғары көрсеткіш.
Көршілес Бельгияда да коронавирус пандемиясы қайтадан қарқын алған. Өткен аптада алдыңғы жеті күнмен салыстырғанда жұқтырудың жаңа жағдайлары 21%-ға көбейген.
Репродуктивті көрсеткіш 1,23-ке дейін көтерілді, бұл да өткен аптамен салыстырғанда үштен бір есе көп.
17 мен 23 қыркүйек аралығында күн сайын 2 232 адамның вирусқа шалдыққаны анықталды.
Соңғы жеті күнде Бельгия ауруханаларына коронавирус диагнозы қойылған 73 науқас түскен, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 41% көп.
Қазір ел ауруханаларында коронавирустан 925 адам ем алуда. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 35%-ға көп.
«Қазіргі кезеңде ауру жұқтыру санының күрт өсуіне жол бермеу үшін вакцинация мен тестілеу өте маңызды», - деп атап өтті RIVM институтының сарапшылары.
«Цифрлар вирус жұқтырғандардың нақты санын көрсетпейді, өйткені қазіргі уақытта тестілеу орталықтарында тек медицина қызметкерлері, өзін-өзі тексере алмайтын адамдар және коронавирус анықтамасын қажет ететін адамдар ғана тексерілуде. Ауруханаға жатқызу саны да артып келеді», - деп қосты сарапшылар.