Кез келген ел ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын сақтау арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғайды.
Фото дереккөзі: gov.kz
Қазақ халқында талай сыннан өткен, әбден сұрыпталған, әділдік пен тәртіпті бекемдейтін құндылықтар бар. Қоғам дамуының барлық сатысында қарым-қатынас атаулының басты діңгегі – адамгершілік ең қажетті құндылық ретінде бағалануы тиіс. Адамның барлық жерде, ортада өзін өзі ұстай білуі – өркениетті қоғамға тән әдептілікті, жөн-жоралғыны сақтауына, адамгершілік қасиетті бойына сіңіруіне байланысты. Бұл құндылық адам баласына дүние есігін ашпай тұрған сәттен беріледі. Тегінен, түп-тамырынан бастау алады. Кез келген жеке тұлғаның болмысы тәлім-тәрбиемен, біліммен, мәдениетпен толығады. Есейген шақта есті, кемел адам болуға, қатарынан қалмауға тырысады.
«Ойыңды түзе, сөзіңе айналады. Сөзіңді түзе, ісіңе айналады. Ісіңді түзе, әдетіңе айналады. Әдетіңді түзе, мінезіңе айналады. Ал мінезің – сенің тағдырың» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, әркім өзінің де, өзгенің де орнын, әр нәрсенің шегін білсе, қоғам мәдениетінің арта түсетіні кәміл.
Қоғамдағы өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажеттігін көрсетті.
Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік құрылымдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен байланысты жақсарту керек. Адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мақсатында ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі 2022 жылдың 22 ақпанындағы №814 Жарлығымен жаңа редакцияда бекітілді.
Мемлекеттiк қызмет – барлық мемлекеттiк басқаруды ұйымдастыруда жетекшi рөлге ие, ең маңызды тетiктердiң бiрi. Мемқызметшінің іскерлiгiн ғана емес, айналасындағыларға деген құрметiн һәм ізетiн арттыру мақсатында оның моральдық бет-бейнесi мен этикасына айрықша көңiл бөлiнеді. Себебi олардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiне және жүрiс-тұрысына қарай қазiргi қоғамда халықтың атқарушы билiкке деген көзқарасы мен сенiмi қалыптасады.
Бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаты бірге қаралған болса, жаңа редакцияда бұл олқылық жойылды. Мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мен стандарттары өз алдына жеке қарастырылған. Жаңа Әдеп кодексі, ең алдымен, қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.
Жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.
Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және тұтынушыға бағдарлану. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы Кодексте де қойылған. Бірақ кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және тұтынушыға бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер көрсететін қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді болғаны жөн және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі шарт.
Айман Хайруллина,
БҚО әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі