17 жылдық еңбек өтілі бар теректілік ұстаз Айсәуле Құмарғалиева өзінің педагогикалық қызметі жайлы әңгімесін осылай бастады.
-Мен - мұғаліммін. Қазір білім берудің әкімшілік саласына ауыссам да, сабақ беруден қол үзген емеспін. Мамандық таңдауда қателеспеген екенмін. Мен үшін мұғалім болу, балаларға білім беру – басты да маңызды,- деген ол өзінің еңбек жолын айтып берді.
Айсәуле Сағидоллақызы аузы дуалы шешендер мен тіліп айтар ақындар мекені – Бөкей ордасының Саралжын ауылында дүниеге келген. Үш ұлдың үлкені, жалғыз қызы «мұғалім боламын» дегенде ата-анасы қуанды. Алдымен педагогикалық колледж оқып, артынан жоғары білім алған ол Теректі жеріне, Жайық ауылына дәм-тұзы айдап, 1997 жылы келген. Үйелмелі-сүйелмелі балалары осы ауылда өсті.
Өзі Жайық мектебіне мұғалім болып, ұйымдастыру белсенділігімен көзге түсті. Содан 2013 жылы Богданов ауылдық округі құрамындағы шет жатқан шағын Алғабас мектебіне директор болып тағайындалды. Өзінің алғашқы басшылық қызметі жайлы «Алғабас орыс тілді ауыл ғой. Сондықтан балалардың тілін қазақша «сындыру» үшін жұмыстандым» деп еске алды.
Бір жылдан соң округ орталығы – Богданов ауылындағы орта мектепке басшы болып қызметі ауысты.
2021 жылға дейін ол ыстық-суық, жауын-шашынға қарамастан Жайық ауылынан Богдановқа жол тартып жүретін. Айтпақшы, «жол азабын тартқан білер» демекші, сол жылдардағы Богданов ауылына баратын жолдың шұңқырларын жаттап алған Айсәуле Сағидоллақызы жолшыбай көлік іздемес үшін жеңіл көлік жүргізуді үйреніп алғаны бар.
Сол кез туралы Айсәуле Сағидоллақызы:
- Богданов мектебі - менің педагогикалық та, әкімшілік те қызметте мол тәжірибе жинақтаған жерім. Мектепте тұрақталған, тәжірибелі ұстаздармен қызмет жасау қиын болған жоқ. Қазақ жерінде өскен мен үшін аздаған тіл «күрмелуі» болғаны рас. Жұмыс барысында кей әріптестеріме өз ойымды түсіндіре алмай, қиналғаным да болды. Әйтеуір, тіл табысып, жұмыс жасадық,- дейді.
Сол жылдары алған марапат-мадақтауларына қарсаң, жәй ғана тіл табысып емес, табысты жұмыс жасағаны көрініп тұр.
2017 жылы Айсәуле Құмарғалиева Қазақстан Республикасының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен марапатталды.
2021 жылы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Бұған қоса, аудан әкімінен, аудандық білім беру бөлімі басшылығынан алған алғысхаттарының өзі бір төбе.
Қазір Айсәуле Құмарғалиева - Жайық негізгі орта білім беретін мектебінің директоры. Өзі айтқандай, шығармашылық ізденіс үстінде. Әріптестерінің табысына қуанып, шәкірттерінің сапалы білім алғанына марқайып жүр.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz