3.10.2022, 9:30
Оқылды: 166

«Электр бақташыға» субсидия беріледі»

Бейсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы Ақжол ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов осы округте атқарылған жұмыс жөнінде баяндады. 

1

Аталмыш округтің орталығы – Ілбішін ауылында және Қабыл, Тінәлі, Битілеу елді мекендерінде 2054 халық тұрады. Бұл ауылдар түгелдей табиғи газбен қамтылған.

– Тұрғындар Ілбішін ауылына техникалық су кіргізу мәселесін көтеріп жүр. Жыл сайын ауданның бюджетіне қарай әр ауылдық округті техникалық сумен қамтып келеміз. Ауыл  Жайық өзенінен қашықтау орналасқандықтан, бұл мәселеде  кідіріс бар. Егер бұл шаруаға ауылдың кәсіпкерлері қолұшын созамыз десе, қолдау көрсетуге әзірміз. Мысалы, Жаңабұлақ ауылдық округіндегі жергілікті кәсіпкер 8 млн теңгеге пластикалық құбырлар алып берді. Қалай десек те, Ілбішінге техникалық су жеткізуіміз керек. Қабыл, Тінәлі, Битілеу елді мекендерінің халқы  кіреберіс жолдарды күрделі жөндеу мәселесін айтып келеді. Ауыл халқының  санына қарай елді мекендердің кіреберіс жолын жөндеудің жоспары құрылды,  – деді Қалияр Шадиярұлы. Округтегі электр желілері де тозып тұр. Биыл Ілбішінде ұзындығы 3 шақырым ағаш бағаналар темір бағанаға  ауыстырылыпты. Қосымша 100 кВаттық толық трансформаторлы қосалқы станса (КТП) орнатылған. Аудан әкімі Қабыл ауылында мектеп ондағы тұрғындардың  санына қарай салынатынын айтты. Себебі балалардың саны азайса, мектеп салынбайды.

– Бірінші жартыжылдықта әріптестеріммен бірге аудан орталықтарын аралап, кездесу өткізгенбіз. Екінші жартыжылдықта өзім бармаған ауылдарға баруды жөн деп шештім. Сұрақ-жауап сипатында өтетін басқосу жергілікті атқарушы құрылымдардың  ашықтығын, есептілігін арттырады. Ақжайық ауданында 8 айдың ішінде ірі қара 14 пайызға, жылқы 8 пайызға көбейген. Алайда басқа аудандармен салыстырғанда мұнда құс аз секілді. Сондықтан ілбішіндіктерді де осы шаруаға бет бұруға шақырамын. Ол үшін мемлекеттік грант, шағын несие де беріледі. Қазір «Қазақтелеком» АҚ-ны демонополизациялау  жүріп жатыр. Енді компания интернет кабелін ауылға дейін жеткізіп береді, ал одан әрі желіні таратумен кәсіпкерлер айналысады. Ауылда шамамен 120 пайдаланушы болса, жақсы бизнес жасауға болады. Яғни кәсіпкер ауылға интернет тартып, сол үшін төлем алып отырады. Ауданда оң өзгерістер көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан ауданның әлеуеті де зор. Игі істерге  үлес қосып жүрген шаруалар мен кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Кездесудегі алғашқы сұрақты ілбішіндік зейнеткер Асқар Берханов қойды.

Ақсақал  ауылдың ішіндегі электр желілерінің сымдары мен бағаналарын ауыстыруға көмектесуді сұрады.

Себебі жарық жиі сөнеді дейді. «Бұған дейін де айтқанымдай, облыстық электр желілерін тарату торабы соңғы жылдары жекеменшік компанияның құзырында болды. Былтыр күзде ғана коммуналдық меншікке қайтардық. Енді бұл саладағы кемшіліктерді жоюға қолдау көрсетіле бастады.  Электр желілері 30-40 жыл бойы ешқандай жөндеу көрмеген. Бүгінде қордаланып тұрған мәселе көп.

Президент маған және Премьер-министрге электр желілерін жаңартуға тапсырма берді. Электр желілерін модернизациялау жоспарланды. Алдағы үш жылда ол үшін 20 миллиард теңгеге  жуық қаражат бөлінуі керек. Осы қаражатқа қол жеткізу үшін әр аудан-ауылдар бойынша нақты жоспар жасалып жатыр. Сондықтан бұл саладағы жұмыс біртіндеп жүзеге асады»,  – деді өңір басшысы.

Зейнеткер Қайырғали Қосайұлы ауылдастары атынан Тінәлі ауылына балалар ойын алаңы керек екенін жеткізді. Сосын бау-бақша өсіру үшін Жайықтан техникалық су тартып берсе, ауылдан облыс және аудан орталығына  қатынайтын аутобус шығарылса деген тілегін айтты. Бұл сұрақтарға аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы жауап берді.

Оның айтуынша, аудандағы 45 елді мекеннің 23-інде балалар ауласы жасақталған.  Биыл екі ауылда әлгіндей нысанның құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы Сайқұдық пен Тінәлі ауылында спорт алаңын салу жоспарланған. Сондай-ақ аудан басшысы қалааралық аутобус жүргізгісі келетін ауылдық кәсіпкерге қолдау көрсетілетінін айтты. Ал Ғали Нәжімеденұлы жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерге  субсидия берілетінін, осылайша  бизнеспен айналысуға болатынын айтып өтті. Сондай-ақ 100-200 гектар бау-бақша егуге дайын кәсіпкерлерге бюджет қаражаты есебінен техникалық су жеткізуге болатынын тілге тиек етті. Яғни аудан халқын көкөніспен қамтитын кәсіпкерлерге инфрақұрылым бойынша көмек көрсетіледі. «Малды  есепсіз көбейте беруге болмайды. Себебі қараусыз мал жолға шығып, жол-көлік оқиғасына да себеп болып жүр.  Сондықтан мәселенің осы жағын да назарға алу керек»,- деді өңір басшысы.

Жайылымның тапшылығын айтып өткен Ерболат Беркенов «Мал бар, ет бар,  ал ет өңдейтін цех ашуға мемлекет тарапынан көмек бола ма?» деген сұрақ қойды. «Облысқа үлкен ет комбинаты керек. Қазір осы мәселе бойынша бизнес жоспарын жасап, инвестор іздеп жатырмыз. Жалпы шағын ет комбинатын ашқысы келетін кәсіпкерге бұл шаруаның жай-жапсарын өзім түсіндіріп беруге дайынмын. Жайылымды тиімді пайдалану үшін «электр бақташыны» қолданысқа енгізу керек. Сол кезде бір малға 8-10 гектар емес, 1,5 гектар да жетеді.  Ал «электр бақташы» құрылғысын сатып алып, пайдаланған шаруаға субсидия беріледі», – деді өңір басшысы.  Бұған қоса Ғали Нәжімеденұлы қожалықтар мен кәсіпкерлердің жұмысшыларды жұмысқа еңбек келісімшартымен қабылдаулары керек екенін ерекше атап өтті.  Олар жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерін аударып, салық төлеулері шарт. Ал са­лық ауылдың бюджетіне түседі. Өңір басшысы жергілікті кәсіпкерлерге  мемлекеттік сатып алу арқылы да қолдау көрсетілетінін айтты. Сол үшін мектеп, аурухана басшыларына   жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін сатып  алуға  тапсырма берген. Ол үшін мекеме басшылары кәсіпкермен үш жылға  келісімшартқа отырады. Кездесу барысында бұралқы ит мәселесі де көтеріліп, өңір басшысы  ветеринария басқармасына тапсырма берді. Ғали Нәжімеденұлы мен облыстық басқармалар, құқық қорғау құрылымдарының басшылары тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

2

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев «Ілбішін» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Серіктестік құрылтайшысы Арман Қабановтың айтуынша, шаруашылық  1999 жылы бұрынғы Ілбішін кеңшарының ізінде  құрылған.

– Әкем Жомарт Қабанов қайтыс болғаннан кейін шаруашылықты ағайындар басқарды. 2020 жылы серіктестік тізгінін қолыма алдым. Қазір мұнда қазақтың асыл тұқымды ақбас 700 сиыры бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке техникаларға қол жеткіздік. Жыл сайын аналық сиырлардың әр басына субсидия аламыз. Асыл тұқымды бұзауларды саттыққа шығарамыз. Биыл мал бордақылау алаңын салдық. Онда саттықтан қалған бұқашықтарды ұстаймыз,  – деді шаруа. Арман Жомартұлы биыл «Оралагро» ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Қазір  250 гектар жерді жыртып, көктемгі егістікке дайындап  жатыр. Осы алқаптың 150 гектарына көпжылдық шөп және 100 га судан шөбін екпекші. Серіктестікте  10 адам тұрақты жұмыс істейді. Оларға ай сайын еңбекақы төлеп,  жыл соңында сыйақы береді. Жақсы жұмыс істейтін жұмысшыларға өздері қалаған ауылдан шаруашылықтың қаражатына үй сатып алып береді. «Биыл Мерген ауылдық округінен  мал шаруашылығы бригадиріне үй алып бердік. Былтыр трактор-шөп жинау бригадиріне Чапаевтан баспана алдық. Бұл бір жағынан, мамандарды тұрақтандыру үшін де қажет.  Шөп шабу науқанында жалақыдан бөлек, қосымша сыйақы төлеймін. Қыс мезгілінде, шөп шабу науқанында қосымша бес жұмысшы аламыз»,  – дейді серіктестік құрылтайшысы. Ғали Нәжімеденұлы серіктестіктің қора-қопсысын аралап, техникаларын көрді.

Облыс әкімі Базартөбе ауылына да барды. Онда орта  мектептің күрделі жөндеуімен танысты. Шымкенттік мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС-ның өңірлік директоры Бейбарыс Манастың айтуынша, мектептің күрделі жөндеуі 15 тамызда басталған. Мердігер мектепті желтоқсанның соңында пайдалануға беретініне сенімді. Қазір жұмыстың 40 пайызын орындаған. Келесі айда ауланы абаттандырып бітіреміз дейді.

Қаржыландыру және құрылыс материалдарынан ешқандай мәселе жоқ. «Ауыл  – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мұнда ауылдың алты тұрғыны жұмыс істеген. «Мектептің күрделі жөндеуін бекітілген кестеге сәйкес аяқтау керек. Жергілікті өндірушілердің тауарларын пайдалануларыңыз қажет», – деді облыс әкімі мердігерге.

Базартөбе орта мектебі  1976 жылы  480 оқушыға арнап салынған.  Қазір 200-дей бала бар. Биылғы оқу жылынан бастап мектеп жанындағы интернатта оқып жүр. Интернаттың бірінші қабатында көрші ауылдардан келетін 20 бала жатып оқиды. «Қазір интернаттың екінші қабатында оқып жүрміз. Сыныптардың тарлығы, қосымша кабинеттердің жоқтығы, ыстық тамақтың ұйымдастырылмайтыны балаларға қиын тиіп отыр. Әрине, бұл қолайсыздықтардың уақытша екенін түсінеміз. Балалардың жарық, жылы мектепте білім алуын асыға күтеміз», – деді мектеп диекторының міндетін атқарушы Асыл Бақтығалиева.

Сапар барысында Ғали Нәжімеденұлы саябақта базартөбелік ақсақалдармен жолықты.

– Базартөбе ауылының ақсақалдары дәрігерлік амбулаторияның қажет екенін айтты. Келесі жылы бұл ауылда амбулаторияның құрылысы басталады. Ілбішін ауылында интернет сапасы жақсарды. Техникалық су мәселесін шешуге тырысамыз. Ақжайық ауданында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Меніңше, аудандағы ірі қара мен жылқының саны жеткілікті. Сондықтан аудан халқы құс өсірумен, мал азығын дайындаумен айналысуға бет бұруы керек. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директорымен келісіп, суарумен айналысатын кәсіпкерлермен келісімшартқа отырамыз. Себебі біз мал азығын дайындайтын шаруаларды міндетті түрде сумен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл  жайылым тапшылығын да азайтуға,  мал азығымен қамтуға да себеп болады. Жалпы ауданның даму қарқыны жақсы. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, ағымдағы мәселелер ретімен  шешімін табады,  – деді сапарының соңында Ғали Нәжімеденұлы.

Ясипа Рахимқызы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале