3.10.2022, 10:45
Оқылды: 53

«Инвестор тартуға талпыну керек»

Екі аптадан соң жылыту маусымы басталады. Осыған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев «Батыс су арнасы» ЖШС мен «Жайықжылуқуат» АҚ-ның қысқы мезгілге дайындығымен танысты.

4

Өңір басшысы алдымен «Батыс су арнасы» ЖШС-ның базасында болып, кәсіпорын басшысының есебін тыңдады. Серіктестік директоры Әнуар Аркеновтың айтуынша, уақытша өтемдік тарифтің енгізілуіне байланысты кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы нашарлаған. Сәйкесінше кредиторлық берешегі күн сайын артып келеді. Бүгінгі күні кәсіпорынның кредиторлық берешегі – 1,2 млрд теңге. Оның ішінде салық төлеміне – 596,8 млн теңге, жабдықтаушыларға кредиторлық берешегі – 627,5 млн теңге. Алайда еңбекақы бойынша қарызы жоқ. Кейінгі 2-3 жылдан бері тұрғындар бұл кәсіпорынға 149 млн теңге қарыз. Кәсіпорын директоры аталған мәселені шешу үшін кәсіпорынның шығынсыз тарифін бекіту қажет дейді. Себебі тариф тиімсіз болғандықтан, компанияның кірісі шығындарды өтей алмайды. Соңғы екі жылдың көрсеткішін сараласақ, 2020 жылы кәсіпорынның кірісі – 2316 млн теңге, шығыны 2884 млн теңге болған. Былтыр ЖШС 2010 млн теңге табыс тапқанымен, шығын көлемі 3069 млн теңгеге жеткен.

Кәсіпорын басшылығы БҚО-ны әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 55 шақырым қалалық су құбыры желілерін (28,8 млрд теңге) және 29,7 шақырым қалалық кәріз желілерін (40 млрд теңге) қайта жаңарту және жөндеуді жоспарлауда. Барлық жоба республикалық жәнеергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. «Кәсіпорындағы мәселенің бірі инженерлік-техникалық жабдықтардың тозуы болып отыр. Биыл негізгі сорғы стансасын қайта жабдықтау жөніндегі жобалау-сметалық құжаттамаларды жасадық. Бұл жоба сараптамадан өтті. Енді республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылады. Үш сорғы стансасын жөндеуге қаражат қажет. Бұдан басқа Трекин ауылындағы жерасты су көзі қондырғысын қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатырмыз. Қала тұрғындары тұтынатын судың басым көпшілігі осы жерден алынады. Сондай-ақ негізгі су құбырларын қайта құру жоспарда тұр. Бүгінде еліміз бойынша ең төменгі тариф – біздің кәсіпорындікі. Тұрғындар үшін судың тарифі 1 текше метріне 37 теңгеден болса, кәріз суынікі 40 теңгеден есептеледі. Жұмысшылардың жалақысы да аз. Сондықтан ең алдымен тариф мәселесін шешуіміз қажет», – деді кәсіпорын басшысы.

– Мен тарифті көтеруге қарсы емеспін. Бірақ тұрғындарға тарифтің не үшін өсетінін түсіндіру керек. Қолайлы тарифті нақтылап, белгілеңіздер. Ол үшін заңгерлермен кеңесіп, қажет болса сарапшыларды жалдаңыздар. Бірақ тариф негізсіз көтерілмеуі керек. Халық үшін өмірлік маңызы бар кәсіпорын көптен бері жаңғыртылған жоқ. Ол үшін қомақты қаражат қажет. Ал жоғары тариф кәсіпорынды күтіп-ұстау үшін керек. Егер кәсіпорын суды үнемдесе, нақты төлемдер жасаса, кәсіпорындағы сатып алу процедурасы ашық жүргізілсе, тарифті көтеруге болады. Өткендегі болған қайғылы оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр. Осыдан сабақ алып, еңбек жағдайы жұмысшылардың өміріне барынша қауіпсіз болуын қадағалау керек керек, – деді өңір басшысы.

«Жайықжылуқуат» АҚ қаладағы 1664 нысанға жылу береді. Кәсіпорын өткен 8 айда 680 мың Гкал жылу энергиясын және 196 млн кВтс электр энергиясын өндірген. Жайық өзенінен 13 млн текше метр су алыпты. Сондай-ақ 589 мың Гкал жылу энергиясын және 154 млн кВтс электр энергиясын сатқан. Аталмыш кәсіпорынның директоры Қуат Мусиннің баяндауынша, 27 қыркүйектегі жағдай бойынша кәсіпорынның дебиторлық алажағы – 565 млн теңге. Оның ішінде жылу энергиясы бойынша 528 млн теңге уақтылы төленбеген. Атап өтсек, кәсіпорынға тұрғындар – 503 млн теңге, бюджеттік кәсіпорындар – 6 млн теңге және басқа нысандар 19 млн теңге қарыз. Электр қуаты бойынша 26 млн теңгеге жуық алажағы бар. Кәсіпорынның кредиторлық берешегі – 985 млн теңге. «Жайықжылуқуат» дебиторлық берешекті өндіріп алу үшін сот шешімімен тұрғындардың жылжымайтын мүлкіне, аутокөлігіне, банк шоттары мен карталарына тыйым салу, ел аумағынан шығуға шектеу қою шараларын қолданған.

– Қазіргі қолданыстағы тариф 2016 жылы бекітілді. Бес жылдың ішінде барлық тауар қымбаттады. Мысалы, құбырлардың бағасы диаметрлеріне байланысты 40 пайыздан 100 пайызға дейін өсті. Сондықтан қазіргі тариф мөлшері төмен деп есептейміз. Кәсіпорынның тұрақты және сенімді жұмыс істеуі үшін 2023-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму жоспарын әзірледік. Стратегиялық жоба бекітілген тариф деңгейіне байланысты іске асады. Жылу энергиясының шекті тарифін өзгерту жөніндегі өтінімді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментіне бекітуге жолдадық. Орташа өткізу тарифінің деңгейі ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 7549 теңге шегінде есептелді, – деді кәсіпорын басшысы.

5

Тарифтер жобасында бес жылдың ішінде кәсіпорынды дамыту бойынша 11 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде 6 млрд теңге кәсіпорынның бюджетінен бөлінеді. Яғни жаңа 3 қазандық ғимаратын салу, негізгі құралдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, №8 су жылытқыш қазанның орнына желілік жылытқыш орнату, деаэраторларды, желілік сорғылар мен түтін сорғыштарды ауыстыру, Қуат Наурызұлы мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктер қызмет көрсетпейтін үйлерді жылыту маусымына дайындау қиын екенін айтты.

– Кәсіпорындағы ең үлкен мәселенің бірі – дебиторлық алажақты өндіру. Тұрғындардың төлем бойынша уақытында есеп айырыспайтынын немесе мүлде төлемейтінін үнемі айтып келеміз. Кейбір нысан коммуналдық төлемге қаражат бөлгілері келмейді. Алайда олар көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуге міндетті. Әйтпесе кәсіпорын шығыннан құтыла алмайды. Қызмет ақысын төлемейтіндерге қатаң шара қолдану керек. Ал тарифті өсіру үшін алдымен кәсіпорын шығынының азайғанын дәлелдеп, толық есеп беруі қажет. Шығынды азайтып, кірісті көбейтетін  нақты іс-шараларды жүзеге керек. Кәсіпорындағы жаңа жобаларды қолдаймын. Оларды коммерциялық бағыттағы жобалар деп есептеймін. Бюджет қаражатына арқа сүйемей-ақ, инвесторлармен жұмыс істеуге бейімделген дұрыс. Инвестор тартудан нәтиже болмайтынына нақты көз жеткізгесін ғана бюджет қаржысын бөлуді қарастыруға болады, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Облыс басшысы кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы тастүйін екеніне сенім білдірді.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале