Биыл да еліміздегі ер-азаматтардың көбі арнайы әскери-оқу жаттығу жиынынан өтті. Облысымыздағы әскери міндеттілер негізінен ҚР ҰҚҚ шекара қызметіне, азаматтық қорғаныс саласы мен радиоэлектроника және байланыс инженерлік әскери институтында өз міндеттерін өтеді.
Орал қалалық қорғаныс істер басқармасының жұмылдыру жөніндегі бөлім бастығы Азамат Дәулетқанның (суретте) айтуынша, шекара қызметінде әскери жиыннан өткен сарбаздар Тасқала ауданында шеберлігін шыңдаса, азаматтық қорғаныс саласына қатыстылар «Атамекен» орталығының базасында өткен онкүндік жиынға қатысты. Ал радиоэлектроника және байланыс инженерлік әскери институтына жолдама алған сарбаздар әскери машықтарын Алматы қаласында жетілдірген. Жалпы бұл жиынға 100-ден астам адам тартылған.
– Азаматтық қорғаныс саласы мен радиоэлектроника институтында машықтанғандар 10 күн, шекара қызметінде әскери жаттығуда болғандар 30 күн дайындықтан өтті. Биыл оқу-жаттығуда болған азаматтар бес жылға дейін шақыртылмайды. Жалпы, осы жылы жиынға келгендердің қарасы көп болды, – деді Орал қалалық қорғаныс істері басқармасының жұмылдыру жөніндегі бөлім бастығы Азамат Дәулетқан.
Қорғаныс істер жөніндегі басқарма мамандары жиындар кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатынын да айтты. Сонымен қатар оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы төленеді екен. Осындай әлеуметтік қолдаудың негізінде биыл жиынға келушілер саны артқан. Одан бөлек, әскери-оқу жаттығу жиынынан өткен әр азамат өз борышын өтеген соң жаттығу кезінде атқарған қызметіне қарай әскери атақтарға қол жеткізе алады, яғни шені өседі.
Қорғаныс істер жөніндегі басқарма мамандары әскери есепке қою жөнiндегi комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтару – әскери мiндеттiлерге бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, ал әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын да ескертті. Сонымен қатар әскери мiндеттiлердiң әскери жиындардан жалтаруы да айыппұл салуға негіз болады екен.
Мұндай жиындардан Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құрылымдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда қызмет iстейтiндер, мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық қызметкерлері, ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу кәсіпорындарында жұмыс iстейтiн адамдар, педагогтер, студенттер, әскери мiндеттi әйелдер, әскери мiндеттілер, 18 жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар, ҚР Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді құрылымдардың депутаттары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері болып сайланған әскери міндеттілер босатылады. Айта кететін тағы бір жайт, әлгіндей жиындарға қатысқан әр адам зейнет жасына жеткен кезде оқу-жаттығу кезеңі жұмыс өтілі ретінде жазылады. Ол да түсінген адамға үлкен жеңілдік.
Жуырда ҰҚК шекара қызметінде әскери оқу-жаттығу жиынының жабылуына арналған салтанатты жиын өтті. Бір ай бойы әскери өмірдің бар қиындығын абыроймен көтеріп келген сарбаздарды жақын-жуықтары мен ел қауіпсіздігіне жауапты азаматтар қарсы алды.
– Бір ай бойы әскери істің қыр-сырын меңгеріп, ел қорғауға әзір екенін көрсете алған әскери міндеттілер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Бір айлық жиын барысында сарбаздар түрлі қарудан атуды және басқа да әскерге қажетті машықты меңгере алды. Бұл жиын бағдарламасы жеңіл емес. Соған қарамастан, әр қиындықты жеңе білген сардар өзін ержүрек, батыл да намысты екенін көрсете алды. Ең бастысы, әр әскери міндетті азамат Отанымыздың шебін қорғауға дайын екенін көрсете алды. Баршаңызға отбасылық бақыт пен мықты денсаулық тілеймін. Жетістіктеріңіз көп, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын, - деді жиынын ойдағыдай аяқтаған сарбаздарға ақ тілегін арнаған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Рысбеков.
Содан соң облыс әкімдігінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселесі жөніндегі комитет төрағасы Мақсот Мұқанов пен БҚО бойынша әскери прокурор, әділет полковнигі Алтынбай Раев та арнайы жиыннан өткен сарбаз-сардарларға алғысын айтты. Жиынның соңына таман бір ай бойы әскери дайындығын жетілдірген сарбаз-сардарларға жаңа әскери шен берілді. Салтанатты жиын шағын парадпен аяқталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz