Орал қаласындағы білім инновациялық лицейінде білім алып жатқан оқушылардың бойына ел мен жерді сүю, Отанды қорғай білу қасиеттерін сіңіру бағытындағы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп Ата заңымызда атап көрсетілгендей, әскери даярлық сабағында әрбір оқушыға азаматтық борыш пен Отан алдындағы парызды орындау керектігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Өңірдегі әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, олардың жетістіктері туралы жиі ақпарат береміз.
Жақында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінің қызметкерлері мен осы бөлімнің әскери үрмелі оркестрі оқушылармен кездесу өткізді. Оларды лицей директоры Қ.Жұмажанов қарсы алып, болашақ Отан қорғаушыларға аяқтай келіп, бүгінгі әскери қорғаныс саласындағы жаңалықтармен бөліскені үшін ризашылық білдірді. Одан соң ҚР Ұлттық ұланының 5517-әскери бөлімнің командирі, подполковник С.Алқайдаров пен осы бөлімнің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Жұмабекова жас жеткіншектерге әскери қызметтің қыр-сыры жайында айтып, әскери оқу орындары жөнінде түсінік берді. Қазақтың қаз дауысты Қазыбек биі:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген,
Дәм-тұзды ақтай білген,
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса,
Құл болам деп тумайды,
Анадан қыз туса, Күң болам деп тумайды» деген екен. Осындай рухы мықты ұлттың ұрпағы ез болуға тиіс емес. Тәуелсіз еліміздің ертеңі мен мемлекетіміздің қуатты болуы үшін Қазақстанның әскери базасы мен қорғаныс күші мықты болуы қажет. Ол үшін еліміздің қауіпсіздігіне қызмет ететін ерлеріміздің еңсесі биік болуы тиіс. Осындай тағылымды әңгіме айтылған кездесуге келген әскери қызметкерлер оқушыларға есті әңгімелерді ұғындыруға тырысты. Іс-шара әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.
Бейбіт Нығыметов,
Орал қаласындағы білім инновациялық лицейінің әскери дайындық пәнінің мұғалімі