Осыдан екі ай бұрын, 5 маусымда республикалық референдумда өз таңдауын жасаған қазақстандықтар тағы бір үлкен шараға дайындық үстінде.
Өткен референдумда біз Конституцияға – еліміздің Ата заңына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерге өз көзқарасымызды білдірдік. Референдум жариялаған кезде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап: «Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді.
Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады.
Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді» деген болатын.
Алдымызда тұрған жауапты науқан – Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауы сол референдумның игі нәтижесі деуге негіз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында «Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс екенін баршаңыз білесіздер. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын. Бұл қадам бізге әр азаматымыздың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді» деп нақтылады.
Осы тақырыпты жалғастырған Президент «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп сайлаудың созылмай өтетінін де жеткізген еді.
21 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындау туралы қаулыға қол қойды. Соған байланысты халыққа жариялаған үндеуінде: «Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады» деді. Және «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан мен өзімнің өкілеттік мерзімімді қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын» деген Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Президентін бір ғана мерзімге – 7 жылға сайлау жайлы ұсыныс білдірді.
Сонымен, қазір елде кезектен тыс сайлауға дайындық басталды...
Қоғам жаңару күтіп отыр
Қазақстандағы Президентті кезектен тыс сайлау жөнінде саясаткерлер не дейді?
Осы сайлауға қатысты kz.kursiv.media саясаткерлер пікірін жинақтаған екен.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Биыл референдум өтті. Бүкіл қоғам жаңаруды күтіп отыр. Президенттің өзі де жаңашылдықтарды атқару үшін жаңа сенім мандаты қажет екенін айтты. Ол өз мандатын жаңартып, бүкіл жүйені қайта құрғысы келеді. Президент теориялық тұрғыдан Мәжіліс сайлауының 2025 жылы өтетінін, бірақ көп адамның өзгерісті қалап отырғанын және сайлауға қатысқысы келетінін айтты. Меніңше, бұл - әділ шешім. Алдын ала бәрі хабарланды. Саяси нарыққа араласқысы келетін партиялардың уақыты бар. Кез келген саясаткер тіпті ертең немесе арғыкүні болатын сайлауға дайын болуы тиіс. Сондықтан президенттікке кандидаттар дайындалып үлгере алады. Оларда президентікке түсуге, тәжірибе жинауға, жаңа саяси партияларын тіркеуге уақыт бар. Өз басым қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймын.
Мұхтар Түменбай, журналист:
- Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау ұсынып Назарбаевтың ескі әдісіне көшті деп жатыр «білгіштер». Сарапшылар деп айтуға ауыз бармай тұр. Шын мәнінде солай ма? Сәл-пәл зеределеп көрсек ше? Біріншіден, Назарбаев сансыз кезектен тыс сайлаулар ұйымдастырғанда өз президенттігін келесі екі мерзімге, содан соң тағы екі мерзімге ұзарту үшін жасап келді. Ал Тоқаев ендігі жерде президенттік өкілдікті бір ғана 7 жылдық мерзіммен шектеймін деп отыр. Екіншіден, Назарбаев кезекті сайлау науқандарын ұйымдастырғанда оның шексіз билігіне ешбір қауіп төнген жоқ болатын. Елдің ішкі саяси ахуалы мен экономикасы қалыпты жағдайда еді. 1991 жылды санамағанда. Онда да оған халық арасындағы тәуелсіздік эйфориясы мен альтернативсіз, конкурентсіз сайлау демеу болды. 1995 жылғы референдумдық сайлау да сол қарқынмен өтті. Қалған сайлауларды биліктің ұйымдасқан, жұдырықтай жұмылған, айрандай ұйысқан біртұтас гегемониясы қамтамасыз етті.
Ал Тоқаев ел экономикасы терең кризиске ұшырап, инфляция күн өткен сайын шарықтап жатқан жағдайда, бұқара халық ашуға булығып тұрған шақта, ішкі саяси элита божырап, кландық тартыс асқынып, кімнің кімді қолдайтынын, кім кімнің жағында екенін түсініп болмайтын жағдайда президенттік сайлауды қайта өткізейік деп ұсынып отыр. Айырмашылығын шынымен сезбей отырсыздар ма? Сайлауды дәл осындай шақта өткізу Тоқаевтың өзіне қауіпті. Оның үстіне ел әлі «қаңтар қасіретінен» айыққан жоқ. Бір жыл да өткен жоқ әлі. Жаралар жазылмады. Және халықтың біршама бөлігі ол қанды қырғында бүлікші элиталық топтармен бірге Президенттің де кінәсі бар деп есептейді. Осындай жағдайда сайлау өткізу үлкен әрі қауіпті тәуекел. Олай болса, Тоқаевқа кезектен тыс сайлау неге керек? Жауап біреу ғана. Оған бастаған реформаларын аяғына жеткізу үшін уақыт керек.
Дайындық басталды
Байқасақ, бұл пікірлер Президенттің кезектен тыс сайлау жариялауын құптайды және оған негіз болған себептерді де болжап айтқан. Қалай десек те, 20 қараша күні Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау өтеді.
Біздің ауданда бұл сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр? Бұл сұраққа Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Кенжеғұлов:
–Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы шешімді дұрыс қабылдады деп есептеймін. Мемлекет басшысының мұндай шешім қабылдауына соңғы уақытта әлемде болып жатқан оқиғалар мен Жаңа Қазақстан құру үшін тез арада саяси реформалар қабылдау қажеттігі түрткі болғаны айқын. Күні кеше елімізде орын алған саяси оқиғалардан кейін халыққа маңызды өзгерістер қажет. Солсебептен де Ата Заңымызға өзгеріс енгізу үшін бүкілхалықтық референдум өткізілді. Ендігі кезекте референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерісті, еліміздің болашағын айқындайтын саяси реформаларды жүзеге асыруға міндеттіміз,- деп өз ойын білдірді.
Болат Мұхитұлының айтуынша, Теректі ауданында сайлауға дайындық Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы Жарлық шыққан соң басталған.
-Ауданда 1 аудандық аумақтық және 42 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы құрамында 7 адам. 42 сайлау учаскесінде 234 адам бар. Сайлауда барлығы 241 адам қызмет жасайды. Әзірге сайлау комиссиясының құрылымында, орналасқан шекараларында өзгеріс жоқ. Қазір сайлаушылардың тізімін анықтау шаралары жүріп жатыр. Қазіргі есеппен аудан бойынша 25 886 сайлаушы бар. Бұл сан сайлауға дейін өзгеруі мүмкін. Сайлаушылар тізімін нақтылау сайлау күніне дейін жалғаса береді,-деген мәлімет берген Болат Кенжеғұлов учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері арнайы дайындықтан өтіп, біліктілік деңгейін пысықтайтынын да айтты.
Сайлауға дайындық басталды. Әрбір азамат өз таңдауын жасауға дайын болуы қажет. Біздің таңдауымыз – Жаңа Қазақстан.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz