11.10.2022, 10:45
Оқылды: 73

Ел Президентін сайлау – парызымыз

2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау өтеді. Ел тарихындағы кезекті саяси науқанға дайындық жұмысы басталып, Президентікке үміткерлер ұсынылып жатыр. Елеулі оқиғаға қатысты саясаткерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен өзге де ел азаматтары өз пікірін бөлісуде. Казталов ауданының атқамінер азаматтары мен зиялы қауым өкілдері де саяси науқанға қатысты ойын ортаға салды.

InShot_20221011_101754534

Өткенге сәл шолу жасайық. Жалпы, тарихымызға зер салсақ, елімізде алты рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өткен. Оның ішінде 2005 жылы ғана кезекті Президент сайлауы өткен болса, 1991, 1999, 2011, 2015 және 2019 жылдары ҚР Президентін кезектен тыс сайлауда халқымыз өз таңдауын жасаған. 1991 жылдан бастап ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы – 98,7 пайыз, 1999 жылы – 80 пайыз, 2005 жылы 91 пайыздан астам дауыс жинаса, 2011 жылы 95,5 пайыз дауысқа ие болған. Ал 2019 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдап, 9 маусымда ҚР Президентін кезектен тыс сайлау өтіп, Елбасынан кейін уақытша ел басқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Енді халқымыз жетінші мәрте Президентті сайламақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президентті кезектен тыс сайлау өткізуді және Президентті жеті жыл мерзімге бір рет сайлауды ұсынған болатын. Кейін «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойып, сайлау мерзімі 2022 жылдың 20 қарашасына бекітілді. Ал Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталды. Әзірге 10 қазан күнгі ресми дерекке сүйенсек, «Аманат» кәсіподақтар достастығынан Мейрам Қажыкен, «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, ЖСДП атынан Нұрлан Әуесбаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер ұлттық альянсы» бірлестігі өз ұйымы атынан Қарақат Әбденді Президентікке үміткер ретінде ұсынған. «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, «Ардагерлер ұйымы», «QAZAQSTAN TEAM», «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Сөйтіп, ел тарихында алғаш рет Президенттікке үміткерді қолдайтын Халықтық коалиция құрылды.

Биылғы сайлаудың жөні бөлек. Алдымен, халқымыз алғаш рет ел Президентін сайлауда дауыс беру парағында бәріне қарсы екенін айғақтайтын орынды белгілеу құқығына ие. Сонымен қатар алғаш рет Халықтық коалиция құрылып, бір үміткерді ұсынып отыр. Бұл – ел тарихындағы елді біріктірген, елең еткізер оқиғаның бірі. Сонымен қатар сайлау ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерден кейін бірінші мәрте өткізілмекші. Бұл өз кезегінде елдің саяси даму қарқынын айқындап тұрғандай-ақ. Ал Президент бір мәрте, жеті жыл мерзімге сайланады. Бұл Жаңа Қазақстанның көрінісі болса керек.

Жалпы, Президентті кезектен тыс сайлауға қатысты түрлі көзқарас қалыптасып, түрлі пікір айтылып жатыр. Біз де ауданымыздағы саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдерінен саяси науқанға қатысты пікірін білдік.

Сәрсенбай Моллашев, аудандық мәслихат хатшысы:

– Президент биылғы Жолдауында: «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деген болатын. Бұл сайлау алдағы жылдарда ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Алдағы сайлау – соңғы үш жылда қолға алынған саяси реформалардың іс жүзіне асуының нақты көрінісі деп білеміз. Президент сайлауы еліміздің бүкіл саяси жүйесін қайта жандандыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Күні кеше Астанада өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды. Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауында экономиканы әртараптандыру, халықтың әлауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бойынша маңызды бастамалар айтылды. Оның бәрі жаңа, әділетті Қазақстанды құруға арналған нақты қадам екені даусыз. Бұл ретте халқымыздың бірлігі мен тұрақтылықтың арқасында ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалиция құрылып, оның кандидатурасы «AMANAT» партиясымен қатар, «Ақ жол» мен Қазақстанның Халық партиясы және отыздан астам республикалық қоғамдық бірлестік пен саяси ұйымдардың екі мыңнан астам өкілі қатысқан форумда қолдау тапты. Ең бастысы, сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында ынтымақтасуы елді жігерлендіреді, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түседі деген ойдамын. Баршамыз осы қадамға қолдау білдіріп, Отанымыздың өсіп-өркендеп, өркениет көшіндегі елдер қатарына енуіне бірге атсалысайық.

Миржан Қарабалин, «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Жалпақтал филиалы директоры:

– Сайлау – еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылданар саяси науқан. Ал Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлаудың биыл өтуі – үлкен саяси көзқарастан қалыптасқан саналы шешім. Өйткені әлемдегі ахуал күрделенді. Қандас мемлекеттердің қырғи-қабақ қақтығысы, алпауыттардың экономикалық соғысы еліміздің дамуына да өз әсерін тигізеді. Еліміз халықаралық ұйымдарға мүше мемлекет болғандықтан, ел тыныштығын қамтамасыз ету мақсатымен бейтарап болып, бітімгершілік саясатын ұстанары хақ. Әлемдегі ахуалды ескерсек, осындай қиын-қыстау кезеңде еліміздегі саяси реформаларды жүзеге асыратын, ел тізгінін ұстар азаматтың қажет екені айқын. Оны таңдау, сайлау – халық еншісінде. Ел тағдыры тек Президентті немесе Үкіметті, жергілікті атқарушы билікті алаңдатпауы керек, ол – барша халықтың ауыр жүгі. Президент сол жүкті халықпен бірге көтеріп, болашаққа жол бастайды. Шын мәнінде, болашағымызды ойлар болсақ, сайлауға әр азаматтың үн қосуы міндетті. Біз халықтың санасына сіңген, «Менсіз де сайлау өтеді» деген жаңсақ пікірден арылып, сайлау арқылы мемлекетте жүргізіліп жатқан саясатқа көзқарасымызды білдіруіміз керек.

Дулат Рахматуллин, аудандық мәслихат депутаты:

– Қазіргі таңда әлемге назар аударсақ, «Еліміздің болашағы қандай болмақ?» деген заңды сауал еріксіз қойылады. Аға буынның да, біздің де, жас ұрпақтың да санасында бұл сауал бар да, жауабы белгісіз. Өйткені болашаққа зер салғанымызбен, бұлыңғыр. Не боларын тап басып айта алмаймыз. Әйтсе де алмағайып заманда бірліктің туын желбірету өте маңызды. Осы тұста Президентті кезектен тыс сайлау өткізу – халықты бірлікке жұмылдырар ұтымды шешім. Сайлау – халықтың таңдауы ескерілетін саяси алаң. Биыл Президентіміздің бастамасымен тиісті заңға да, Конституциямызға да бірқатар өзгеріс енгізілді. Ертеңгі сайлауда халық өзі таңдаған үміткеріне дауыс бере алады немесе «бәріне қарсымын» деген шешімі арқылы ешкімге дауыс бермеуге құқы бар. Ол – демократиялық мемлекеттегі азаматтың өз таңдауы. Сондықтан дауыс беруге құқы бар азаматтар ел болашағына алаңдар болса, саяси алаңнан табылып, қатарда болуға тиіс.

Мұқанғали Бектілеуов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Биыл ел тарихында Президентті кезектен тыс сайлау өтеді. «Ардагерлер ұйымы» да ел басқаруға лайық азамат ретінде үміткерін ұсынды. 1 қыркүйектегі Жолдауында Президент өкілеттігін жеті жылға белгілеп, бір рет сайлау туралы атап өтті. Жеті жыл уақыт – бастаған істі соңына дейін жеткізіп, халықты биік белеске жетелеу үшін жеткілікті мерзім. Ал бір мәрте сайлану – саясаткердің тағы да ұтқыр, саяси шешімі. Президенттің бір рет ұзақ мерзімге сайлануы халықаралық тәжірибеде бар. Бұл тәжірибенің кейбір мемлекетте оң нәтиже беріп жатқанын да көріп отырмыз. Сондықтан кім Президент болып сайланса да, тұрақтылық пен бейбітшілікті ту етіп, халқына адал қызмет етеді деген сенімдемін.

Айбек Көшеғалиев, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Мемлекет пен халық – егіз ұғым. Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы оңтайлы жүргізілуде. Оның үстіне Президентіміз «Жаңа Қазақстан» идеологиясын ұсынып, елдегі реформалар да аталған саяси идеология төңірегіне топтасып отыр. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алу қоғам үшін маңызды. Сондықтан ҚР Президентін кезектен тыс сайлау өткізу жаңа реформаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді. Халық сайлаған Президент жеті жылда елімізді дамытары сөзсіз. Президенттікке үміткерлер жөнінде тап басып айта алмаймыз. Сайлаудың әділ өтуі өзімізге байланысты.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале