Шыңғырлау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылының үлкен-кішісі спорттың қай түріне болса да жақын. Ауыл-аудан аумағында өтіп жатқан түрлі спорттық шаралардан тыс қалған емес, жүлделі орындарды да құр жібермейді. Бұл алдымен ауылдық округ әкімдігінің салауатты өмір салтын ұстануға деген ақбұлақтықтардың әр қадамына құптау танытуы болса, екіншіден ауылдағы спорт әдіскері Мейірман Мендалиевтің ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашылдыққа жақын болуынан. Жуырда ауылда тағы бір шара өтті, яғни «Балалар жылына» орай жасөспірімдер және ересектер арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырылды.
Көпшіліктің қызығын тудырған шараға қатысушылар да, келіп қызықтаушылар да аз болмады. Жеңіске ұмытылған кім-кім де жеңісті қолдан жібергісі келмеді. Нәтижесінде, жасөспірімдер арасында Тажғали Ақниет І орынды, Болат Бексұлтан ІІ орынды, ал Ыбрай Әлихан ІІІ орынды жеңіп, мерейлері тасыды. Аға буын өкілдері арасында Жанабергенов Медет І орыннан көрінсе, Рахым Шыңғыс ІІ орынды иеленіп, Рысқалиев Ернәсіл ІІІ орынды місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шыңғырлау спорт клубы атынан медаль, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спорттың әр түрін қамтитын қызықты шаралар әлі де жалғасын таба бермек.
Н.Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz