Заман талабына сай қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан сапындағы әскери қызметкерлердің атқарып жүрген қызметтері оңай емес. Соның ішінде ішкі қарауыл жасағында әскери борышын атқарып жүрген сарбаздардың жөні бір бөлек.
Ішкі қарауылдық қызмет - Ұлттық ұлан сарбаздарына қойылатын міндеттердің бірі. Ол жеке кұрамнан жарғылық міндеттерін бұлжытпай орындауды, батыл шешімді, барынша қырағылық пен батылдықты талап етеді.
Бүгінгі әңгімемізге осындай ішкі қарауылдық қызметте жүрген сарбаздардың өмірі арқау болды. Солардың бірі – Орал қаласында 5517 әскери бөлімінің ішкі аймақтарын күзету ісінде қалтқысыз қызмет атқарып жүрген капитан Исатай Нурсейтов басқаратын 2 жедел мақсаттағы ротасы өзіне тапсырылған жауапкершілік қызметті абыроймен атқарып келеді.
Әскери бөлімнің ішкі аймағын күзету барысында, қақаған аязы мен бораны қатар келетін қатал қыста, аптапты жаз бен суық, нөсерлі күз де, жауынды, жайсыз көктем мезгілі де біздің жауынгерлеріміздің қайрат-жігерін қайтарып, жауапкершіліктерін жоя алмаған.
Бұл ретте ротадағы ішкі қарауылдық қызметке шығар әрбір сарбаз сақшы міндетін жетік меңгерген. Олардың әр-қайсысы да сақшының дербес құқыққа ие адам екендігін терең ұғына білген. Сақшының құқығы, жеке бастарының заңмен ерекше қорғалатынын түсінген олар жарғы талаптарын жатқа біледі.
Рота командирі капитан Исатай Нурсейтов қарауыл жеке құрамын жасақтауға және олардың жауапкершілігіне аса мән береді. Жеке құрам қызметке кіріспей тұрып, тынығып, жарғымен танысып, қарауыл қалашығында жаттығады. Нұсқаулық сабақ аяқталғаннан кейін қарауыл жеке құрамы, әскери бөлімнің ішкі қарауыл және тәуліктік жасағымен өткізілетін таралымға қатысады. Таралымнан кейін қарауыл бастығымен бірге қарауыл нысанына барып, сол жерде тәулік бойы ішкі қарауыл қызметін атқаруға кіріседі.
Сайдың тасындай іріктелген жігіттерді айтқанда қарауыл бастығы, аға сержант Әділбек Сериковқа тоқталмай кетпеуге болмайды. Осы қызметте келе жатқанына бес жыл болған Әділбек бұл бағыттағы қызметті жетік меңгерген. Өмірін осы саламен байланыстырғанына еш өкінбейді. Әр сарбаздың іскерлік, моральдық қасиеттерін жете біледі. Оның ойынша, қарауылға түскен жан шымыр, төзімді, сабырлы болуы тиіс.
Бір тәулік бойына өз бөлімшелерінен жырақтап кететін жауынгерлер моральдық-психологиялық шиеленісті бастан кешіреді. Сарбаздардың әскери борышын сақ атқаруы үшін барлық жағдай жасалады. Ол үшін қарауыл жеке құрамымен тәрбиелік жұмыстар, жеке және топтық әңгімелесу ұйымдастырылады. Ішкі қарауыл қызметін сағаттап бекетте тұрып атқаратын Ұлттық ұлан сарбазы әскери бөлім аумағының тыныштығын күзетеді. Сондықтан ол әркез сақадай сай әрі денсаулығы мықты болғаны абзал. Бұл уақытпен және құқықтық тәртіп әскери қызметкерлерінің күшімен дәлелденген ақиқат.
Осылайша Отан үшін қалтықсыз қызмет етіп, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген қырағы сақшылардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды.
Біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының игілігі үшін жасаған жауынгерлік еңбектеріңізге алғыс білдіре отырып, атқарып жатқан мәртебелі қызметтеріңізге жаңа табыстар тілейміз! Ұлттық ұлан-айбынды әскері, Тәуелсіз Қазақстан жасай берсін!
капитан Ертуған Әубакир,
Орал қаласы