Қарияларын қадір тұтқан Шыңғырлау жерінде кеше аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың қатысуымен аудандық ардагерлер кеңесі өтті.
Үлкендердің басын қосып, ардагерлердің атқарған жұмыстары туралы кеңінен баяндалған, пікірлер мен ұсыныстар тыңдалған бұл жиынға ауыл тұрғындары, әйелдер қауымы мен жастар, қоғамдық ұйымдар және мекеме-ұжым қызметкерлері, мамандар белсене қатысты.
Жиынға Батыс Қазақстан облысы ардагерлер ұйымының төрағасы М.Берген және Теректі, Бөрлі ауданының ардагерлер кеңесінің төрағалары арнайы келді. Шырайлы Шыңғырлаудың жерін, табиғатын тамашалап, аудандық орталық саябақ, тарихи-өлкетану музейі және өткен жылы пайдалануға берілген дене шынықтыру сауықтыру кешенінің жұмыстарымен танысты.
Шағын экскурсиядан соң шара «Дән» мәдениет үйінде еңбек ардагерлері, аудандық ардагерлер бастауыш партияларының төрағаларының кездесуімен жалғасты.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы С.Сәмиев аудан аумағында атқарылған жұмыстарын баяндап, ортаға салды. Ал, БҚО облыстық филиалының төрағасы М.Берген облыстық деңгейде жүзеге асқан шаралар мен алдағы жоспарларымен бөлісіп, жиналғандарды хабардар етті. Салтанатты шара қорытындыланып, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер аудан әкімі атынан және облыстық, аудандық қоғамдық бірлестік төрағалары атынан марапатталды. Келген қонақтарға аудан әкімі атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Айсұлу Мұса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz