Рухани келісім – мемлекетіміздің ширек ғасырдан астам уақыт бойы жеткен басты жетістіктерінің бірі. Күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов пен облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов баспасөз мәслихатын өткізді.
- Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетовтың мәлімдеуінше, облысымызда 80-нен астам түрлі этнос өкілдері тұрады. 52 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда қоғамдық келісім кеңестерінің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, медиаторлар тарапынан өзекті тақырыптарды талқылайтын 5 диалог алаңы ашылды. Бұдан бөлек, мектептерде «Біздің болашағымыз бірлікте», «Бейбітшілік және келісім сабақтары» тақырыбында сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізіледі, – деп атап өтті Медхат Қамбетов.
Бүгінгі таңда аудандар мен облыстарда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және өзге де бірлестіктердің елдің қоғамдық келісімі мен ұлттық бірлігін нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыруға арналған қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Қала мен аудандардағы этномәдени бірлестіктер үшін концерт залы мен бөлмелері бар Достық үйлері берілген. Абай, Т. Шевченко, А.Пушкин, Ғ.Тоқай, М.Шолохов және басқа да көрнекті мәдениет қайраткерлерінің поэзиясын дәріптейтін түрлі шығармашылық байқаулар мен фестивальдер өткізіледі. Аудандар мен Орал қаласының этнобірлестікте-рінің шығармашылық ұжымдары мен көркемөнерпаздардың басын қосатын Достық фестивальдері дәстүрге айналған.
Туған тарихты, этномәдениетті және тілдерді оқу үшін орта мектептерде жексенбілік сыныптар ашылып, онда балалардың салт-дәстүрмен танысуға мүмкіндігі бар. Этномәдени бірлестіктердің тілек білдірген өкілдері үшін қазақ тілінің тегін курстары оқытылады. Этнос-
аралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылын жандандыру жөніндегі мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, облыс ассамблеясының, оның қалалық және аудандық құрылымдарының жұмыс тетіктері мен ұйымдық құрылымын жетілдіру, этнос-аралық бірлік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық бастамаларға жәрдем көрсету мақсатында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен 1500-ден астам іс-шара жоспарланған.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов рухани келісім күнінің маңыздылығына тоқталды.
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда тұрғындардың діни сана сезімі оянып, діни жаңғыру басталды. Бұл ретте мемлекет саясатының мақсаты – қазақстандық қоғамдағы, діни сала өміріндегі тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау. Қазақстан халқы ешқашан желікпе діни сенімге бейім болған жоқ. Одан гөрі ежелден діни сенімге төзімділік және конфессияаралық саладағы толеранттылыққа жақындығымен ерекшеленеді.
Біздің еліміздегі мемлекет және діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасындағы модель адамдардың еркіндігі мен құқығын құрметтеудегі демократиялық үдерістерге, қоғамдық және діни мүдделерінің тепе-теңдігіне, өзара түсіністікпен бейбіт өмір сүруіне негізделген. Діни сенім еркіндігі саласындағы мемлекет саясатының үш негізгі принциптерін айрықша бөліп көрсету керек. Олар – бейтараптық, толеранттылық және теңдік. Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң арқылы мемлекет Қазақстан халқының рухани өмірі мен мәдениетіндегі тарихи рөлін мойындады. Тіркелген діни ұйымдардың мемлекеттік билік өкілдерімен өзара қатынастарының дәйекті жолдары мен тетіктері қалыптасты. Біз әманда жат радикалдық ағымдарға қарсы ел аза-
маттарының иммунитетін күшейту үшін мойымай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – біздің теориялық та, идеологиялық та, адамгершілік те міндетіміз, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz