Өткен сенбіде дәл осындай тақырыппен Атамекен ауылының құрылғанына 90 жыл толуына орай мерекелік шара өткізілді.
Қысқаша тарихына тоқталар болсақ, Атамекен ауылы 1933 жылы Ораз Исаев атындағы совхоз болып құрылған. Содан кейін 1936-1939 жылдары Ежов, 1939-1964 жылдары «Бес жүзінші нөмірлі совхоз» деп аталған. Совхоздың алғашқы директоры Ақкәрім Алманов, саяси бөлімінің бастығы Егоров, аға зоотехнигі Хази Тазетдинов, механик әрі жұмысшылар комитетінің төрағасы Ишанғали Үмбетқалиев болды. Осыдан 90 жыл бұрын жапан даланың төсінде алғашқы келген жұмысшылардың күшімен сап түзеген ұзын көшелері бар, биік үйлері бар сәнді ауыл орталығы пайда болып, жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып өркендеп келді.
Дүбірлі тойға жиналған қонақтар алдымен ауыл кіре берісіндегі арканың салтанатты ашылуының куәсі болды. Ауыл азаматтарының демеушілігімен жасалған игі шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева, аталмыш ауылдың төл перзенттері Әлібек Сыдықов пен Тимуржан Шакимов және ауыл тұрғындары қатысты. Арканың лентасын қию рәсімі ауыл ақсақалдарына берілді.
Шара әрі қарай соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың құрметіне ауыл орталығындағы "Жеңіс алаңына" гүл шоғын қою рәсімімен жалғасты. Шара барысында сөз алған Қазақстан ауылдық округінің әкімі Әлібек Сәрсенов жиналған барша қауымды айтулы датамен құттықтап, ауылдың өркендеу жолдарына тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы құрылымдарының өсіп-өркендеуі көпшілік жағдайда оны басқарған басқарушыға байланысты. Жоқтан бар жасап, ел экономикасын көтеруге еңбек еткен басшылар елімізде аз емес, олар тарихтан өз орындарын алды. Біздің облыста да шаруашылықты ұйымдастырудың озық үлгісін көрсеткен, сол арқылы үлкен әлеуметтік экономикалық жетістіктерге жеткен басшылар аз емес. Сөзімізді дәлелдеу үшін биыл 90 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың өткен жолынан сыр шертуді жөн көріп отырмын. Бұл ауыз толтырып айтатын 2-3 ұрпақтың өмір жолы, ол аз уақыт емес. Бұл жолда осы жердің атын шығарған, елдің елдігін қалыптастырған майталман еңбеккерлердің маңдай тері мен табанының бүрі қалды. Көп ұлтты Кеңес Одағы құрылып, елді коллективтендіру жұмысы жүрді. Ұсақ, жартылай жеке құрылымдардың орнына ірілендірілген ұжымдар құрылды. Осылай құрылған совхоздардың бірі №500 қой совхозы, бұл Совет Одағы бойынша құрылған 500-ші совхоз еді. Ол кезде бұл жерлерде «Жұмалы», «Қалмақ-Шабын», «Қисықсай», «Аяқ» деген елді мекендер болған. Сонау Талдықұдықтан Саратов облысының «Горный Гигант» мекеніне дейінгі 125 шақырым жерді алып жатқан бұл совхоз 1931 жылы құрылды. Совхоздың алғашқы қадасын қазіргі Атамекен ауылы тұрған жерге қадап, «Совхозный» деп атаған. Негізгі бағыты – қой өсіру болды. Совхоздың алға басуы 1956 жылдан, яғни директор болып Тоқсейіт Өмірзақовтың келуімен байланысты. Совхоздың жер көлемі өте үлкен, жайымдық жерге бай, бірақ су көздері аз, өзен-көлдер көп емес. Мал шаруашылығын өркендету үшін көптеген мәселелерді шешіп, жолға қойды», - деді округ әкімі Әлібек Өренұлы. Осындай жетістіктері үшін 1962 жылы республиканың 40 жылдығына орай «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы қой совхозы атанды. Одан әрі жиналған қауым дала қызықтарын тамашалауға жиналды. Қаз қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлер даланың сәніне айналып, іші ұлттық тағамдармен әрленді. Алдымен торқалы тойға жиналған қауымға аудан әкімінің орынбасары Талғат Асқарұлы құттықтау сөйлеп, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Одан әрі ауылдың дамуы мен көркеюі жолында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан азаматтарға алғысхаттар табысталды. Олардың қатарында Жұмағали Құрманиязов, Райса Ерниязова, Мастура Қадырова сынды азаматтар бар. Келесі кезекте жиналған тойшы қауымның алдында ауылдың еңбек ардагерлеріне қожалық жетекшілері ат мінгізіп құрмет көрсетті. Тоқтала кетсек, олар - осы ауылдың түлектері Мұхтар Мақауов, Әлібек Сытдықов, Шымболат Ерниязов сынды азаматтар.
Сондай-ақ елге қызмет еткен зейнеткерлерге алғысхаттар мен сыйлықтар табысталды.
Салтанатты жиын барысында аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздары өнер көрсетті.
Одан әрі қазақ күресі, қой көтеру, аламан бәйге және балалар арасындағы жаяу жарыстары ұйымдастырылды. Дала қызықтарын тамашалауға келген адамның қарасы қалың болды.
Құйрық-жалы таралған сәйгүліктеріміз әп дегеннен дүбірлі доданы қыздыра түсті. 21 шақырымдық бәйге басталғаннан-ақ тұлпарлар бірі-біріне шаң қаптыра шаба жөнелді. Нәтижесінде мәреге бірінші болып сырымдық Арсен Жұмағазиевтың «Золота» атты (500 мың тг) тұлпары жетті. Ал, екінші орын бәйтеректік Марат Мұхтаровтың «Айсұлтан» атты (300 мың тг) сәйгүлігіне бұйырды. Мәреге үшінші болып Бағдат Нұрғалиевтың «Шіңкілдек» атты тұлпары келіп 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 15 шақырымдық топ бәйге де көпшіліктің көңілінен шықты. Нақтырақ айтсақ, оқ бойы оза шапқан Ринат Абдрахмановтың «Қарагер» атты тұлпары мәре сызығынан бірінші болып өтсе, Анарбек Мақауовтың «Қарабай» атты тұлпары араға ұзақ уақыт салмай мәреге екінші болып жетті. Мәреге Арман Дүйсекеновтың «Торықұл» атты тұлпары үшінші болып келді.
Қазақ күресі сайысына тоқталсақ, бойында намысы қайнаған, білекті жігіттеріміз шаршы алаңда сынға түсті. Бұл сайыста өте тартысты әрі қызықты болды. Жиылған көпшілік әр спортшыны қызу қолдап отырды. Нәтижесінде 30 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен палуандар арасында Жандос Нығметов жеңімпаз атанса, ІІ орын Дияс Дамирге, ІІІ орын Расул Мәулетке бұйырды. 30 + салмақ дәрежесінде сынға түскен палуандар арасында Искендір Ульданов топ жарса, Армат Бекмурзин ІІ орынға жайғасты, ал үздік үштікте Дәурен Жасқайратов жүлдегер атанды. 70 келі салмақта қарсылас шыдатпаған ақтаулық Сабыр Бакитов бірінші орынды жеңіп алса, 70+ салмақта Жангелді Марксов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қой көтеруден Айбек Меңдібаевқа (48 рет) тең келер ешкім болмады. Балалар арасындағы жаяу жарысқа тоқталып кетсек, қыздар арасында Даяна Қалиулла бірінші орынға ие болса, ұлдар арасында Бауыржан Тұрымбетов топ жарды.
«Бүгін, міне, ауылымыздың 90 жылдығы тойланып жатыр. Баршамызды осы айтулы күнмен құттықтаймын. Осындай керемет шараны ұйымдастырушыларға рахмет. Өте жоғары дәрежеде болды. Бүкіл халық жиналған ұлан-асыр той мерейімізді асырды. Осы ауылдан түлеген азаматтардың бастары қосылып, бүгінгі мерекеде осы совхозға қарасты елді мекен атауларымен киіз үй тігіліп жатқаны керемет болды. Өзім осы ауылдың Қисықсай елді мекенінде тұрдым. Осындай тойды көптен сағынып қалыппыз. Баршасына ризамын», - дейді ауыл тұрғыны Берік Даутов.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz