22.10.2022, 10:18
Оқылды: 57

Жолдаудың жүгі ауыр, ауқымы кең

Сәрсенбі күні «АМАNАТ» партиясының облыстық филиалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет.  Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолындағы іс-қимылды айқындап алу бағытында жиын өтті. Оған аталмыш партияның саяси кеңес мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, партия белсенділері мен сарапшылары қатысты.  

b4f24f99-f8c9-4dbe-8cb4-a03ac1089eb6

Біз Жолдаудан кейін «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен активте өңірімізге қатысты біраз жайларды талқылағанымыз өздеріңізге мәлім. Жасыратыны жоқ, Жолдаудың жүгі ауыр, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Әрі Президент сіз бен бізге Әділетті Қазақстан құру міндетін айшықтап берді. «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік» дей келе, алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұрғандығын да атап өтті. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынды,  –  деді жиынды ашқан партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы М.Мұқаев.

Одан әрі Мұрат Рахметұлы бұл Жолдауда ел дамуының әр саласы терең қамтылғанын тілге тиек етіп, осыған орай облысымызда атқарылып жатқан игі істерді де қамтыды. Әсіресе, «Жер аманаты» бағдарламасы төңірегіндегі жұмыстарды нақты мысалдармен баяндаса, жаңа жылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылатындығын айтты. Атқарушы хатшы өз әріптестерінің белсенділігін де сөз етіп, күні кеше өткен партияның ХХІV сиезінде әр өңірден сөз алған үш делегаттың бірі батысқазақстандық болғанын мақтанышпен жеткізді. «Қазір елімізде қоғамдық-саяси өзгерістер жүріп жатыр. Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісіп, бұл Қазақстан экономикасы мен халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етуде. Осындай қиын-қыстау кезде бірлік пен татулықтың, өзара түсіністік пен сыйластықтың алар орны ерекше. Кезектен тыс Президент және кейінірек Парламент сайлауын өткізу – саяси жүйені жаңғырту аясындағы Мемлекет басшысы ұсынған реформалар кешенінде қарастырған жөн. Жалпы бір реттік президенттік билікті енгізу Мемлекет басшысының барлық күш-жігері мен әлеуеті дәл бір мерзімге шоғырланып, басталған реформалардың келесі кезекке қалмауы үшін қажет. Тарихқа көз жүгіртсек, бәрі де бірте-бірте осыған қарай жылжып келеді», – дей  келе, М. Мұқаев партияластары мен өзге де жиынға қатысушылардың пікіріне кезек берді.

Алғашқы боп сөз алған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Әлия Сәлиева бұл жолы да өз белсенділігімен танылып, қазіргі қоғам ашықтықты сүйетінін, қай нәрсенің де барын бар, жоғын жоқ деп айту қажеттігін алға тартып, кейбір министрлік өкілдерінің өзі ауыл өмірінен бейхабар екендігін сынға алды. Мұның бәрі мектептен кейін бірден шетел асып білім алып, қайта оралысымен билік баспалдағымен өрлеудің салқыны екеніне тоқталды. Керек десеңіз, Парламент төрінде де елге ана бір жанашырлық таныта бермейтін халық қалаулыларының кездесетіндігін жасырмады. Оған өзі куә болған бір жайды мысалға келтірді. Сондықтан іскерлік пен белсенділік төменнен бастау алса ғана нәтижелі болатындығын әңгімелеп, Жолдау жүктеген жүкті бірлесе көтерсек, көп іс тындыруға болатындығын мәлімдеді.

Өз кезегінде депутаттар – «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Фарид Бахтиозин,  М.Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев, «Аксай Бизнес Строй» ЖШС директоры Анвар Агаев және «Ауған соғысы мүгедектері және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожанов, Германиядағы Кеңес әскерлері тобы (ГКӘТ) Батыс әскери тобы ардагерлері қоғамдық бірлестігі өкілі Құрманғазы Жақсыбаевтар да көптің көкейінде жүрген ой-толғамдарын ортаға салып, Президентіміздің қолға алып жатқан реформаларына қатысты ұсыныстарын білдірді. Ендігі жерде елдің болашағы өз таңдауымызға байланысты екенін де жасырып қалмады.  Сол ортақ іске ұлтты ұйыстырып, жұртты жұмылдыра білу – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың ортақ парызы һәм келешек алдындағы қарызы  екендігі ашық айтылды.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале