23.10.2022, 9:35
Оқылды: 68

Көк Туымыз желбірей берсін!

Өткен жұмада Оралдағы Достық  үйінде Республика күніне арналған  «Еңсесі биік егемен елміз» атты мәдени-көпшілік жиын өтті. Басқосуға облыстық Қазақстан халқы  ассамблеясының этномәдени  бірлестіктерінің, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының өкілдері, еріктілер, студенттер мен оқушылар қатысты.

d0d27c0a-67a6-4c06-86df-d0ec0480d0ff

Мерекелік іс-шара шымылдығы  шаһардағы 5517-әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрінің  орындауындағы ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

– Республика күні дегеніміз – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес.  1990 жылғы 25 қазанда еліміз үшін маңызды қадам жасалды. Бұл күні Қазақстанның  егемендігі туралы декларация қабылданды. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің  әр түрлі қиындығына төтеп беріп, даму мен өркендеудің жолында келеді. Бүгінгі осынау ұлық  мерекеде әрқайсысыңыздың отбасыңызға құт, бақыт, береке,  еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді жиынға қатысушыларды құттықтаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев. 

InShot_20221023_093404380

Иә, жиында айтылғандай, декларацияда ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және еліміздегі этнос өкілдерінің төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін қайта түлету, дамыту сынды мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Одан басқа егемен мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді өз бетімен шешу ұстындары да нақтыланды. ҚазКСР өз әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер құрылымдарын құру құқығын алды. 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер қатарында болған Республика күні 2009 жылы бұл тізімнен алынып тасталды. Оған себеп – аталмыш декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР егемендігінің жариялануы болса керек. 

– Енді, міне, араға 13 жыл салып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Мерекеміз құтты болсын! Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Осы бағыттағы жұмыс барысында әрбір қазақстандық: «Елім үшін, жерім үшін мен не істей аламын?»  деген ойда болуы керек. Көк Туымыз желбірей берсін мәңгіге, –  деді «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медхат Қамбетов. БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері атынан «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов: «Біз Қазақстанда тұратын әр түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері болсақ та, бәріміз  – қазақпыз. Еліміздің шекарасынан шығып, бөгде мемлекетке барғанымызда, бізді бәрібір қазақ деп таниды. Сондықтан осында да қазақ болайық. Сіздерге қазақ халқының толеранттылығын, салмақтылығын тілей отырып, бейбітшілік, келісім, өзара түсіністік сынды қолымызда бар құндылықтарды сақтайық деймін,  – деп игі тілегін білдірді. 

Шырайлы іс-шара ҚХА этно-мәдени бірлестіктерінің өнерпаздары дайындаған ән-бимен өріліп отырды. Сондай-ақ салтанатты жиында республикалық «Менің Отаным  – менің Қазақстаным!» челленджіне қатысқан бір топ белсенді оқушы «Қоғамдық келісім» мекемесінің алғысхатымен марапатталды. Мемлекетіміздің өркендеуі мен өңіріміздің дамуы жолындағы абыройлы қызметтері үшін түрлі саланың майталмандарына облыстық ішкі саясат басқармасының алғысхаты табыс етілді. Олардың ішінде газетіміздің тілшісі Ясипа Рабаева, «Приуралье» газетінің тілшісі Светлана Аманова, «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің тілші-SMM  маманы Жанбота Жәрдемова бар.  

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале