Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балаларды ерте жастан дамыту институты республикалық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауын ұйымдастырды. «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» – әдіскерлердің инновациялық және кәсіби маңызды тәжірибесін анықтау және тарату, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мәртебені көтеру және кәсіби имиджді қалыптастыру мақсатында өткізілетін дәстүрлі байқау. Аталмыш байқауда бақ сынаған қаламыздағы №48 «Мұрагер» бөбекжайының әдіскері Шолпан Сабирова бас жүлдені жеңіп алды.
Биыл байқаудың бірінші – аудандық (қалалық) кезеңіне 10 мыңға жуық үміткер қатысқан. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары облыстық кезеңнен іріктеу арқылы республикалық байқауға жолданған. Республикалық байқауға еліміздің әр түкпірінен үздік шыққан 18 әдіскер қатысты. Олардың жұмыстары Е-портфолионы зерделеу, «Мен – әдіскермін» онлайн түрінде сұхбат алаңын ұйымдастыруы, «Әдістемелік шеберлік» бейнебаян блоктары бойынша бағаланды. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Шолпан Шамұратқызы жоғары ұпай алып, республикадағы «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» атанды.
Шолпан Сабирова – педагог-зерттеуші. Білім беру саласында15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әдіскер лауазымындағы еңбек өтілі – 11 жыл. Ол – әдіскерлер арасындағы республикалық олимпиада, блиц-турнир жеңімпазы атанған озық мамандардың бірі. Облыстық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздарға арналған басылымдарда шығармашылық ізденістегі жұмыстарын жариялап жүр. 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру тренері қызметін атқарып келеді. Шолпан Шамұратқызы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының алғысхатымен, БҚО Білім басқармасы білім беруді дамыту орталығы, Орал қаласы білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz