28.10.2022, 10:01
Оқылды: 74

«Кәмшаттар бөгеті» немесе Бұлдыртының бұлағын ашпай болмас

Жұбан Молдағалиев «Жымпиты» өлеңінде:

Жоқ және Ақжайығы, Сыр, Ертісі,

Жаңбырсыз жазда жердің жүдер түсі,

Қураған суыртпақтай үзіледі,

Өлеңті, Қалдығайты, Шідертісі! – деп жырлайды. Өкініштісі сол, бүгінгі таңда Өлеңті, Шідертіден бөлек, Бұлдырты өзені де өзінің арнасын жоғалтқан. Үмітіміз секілді үзік-үзік.

shutterstock_604904441

Бұл мәселеге кеңірек Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев тоқталды:

-Аудандағы негізгі төрт өзен – Өлеңті, Бұлдырты, Шідерті және Аңқаты қар суларынан және бұлақ көздерінен толығады. Кейінгі жылдары жауын-шашынның аз, ал көктемде су тасқынының болмауы салдарынан өзендер деңгейін жоғалтып, тайыздап, тіпті жаз, күзге салым арналардың құрғап, су үзіліп қалуы кездесіп жүр. Бұл мәселенің бірден-бір жолы – бұлақ көздерін ашу! – деді аудан әкімі.

800px-Қараағаш_Сарқырамасы

Аңқаты бастауын Қабанбай - Қақпақтының бергі жағындағы сай-салалардан алады. Шідертінің басы Алатаудың етегінен шығады. Өлеңті өзенін Жосалыдағы Кеңашы бұлақтары толтырады. Ал, Бұлдырты өзені Шыңғырлау ауданына қарасты Қарағаш елді мекеніндегі Сарқырама бұлағынан басталып, Жетікөл ауылдық округіне жайылып, бітеді. Осылардың ішінде Бұлдыртының халі мүшкіл, арнасы жалаңаш.

Не істемек керек?

-Шыңғырлаудағы Қарағаш орманының тұсындағы жер асты суы жайылып, Бұлдырты өзенін толтыруы керек. Бірақ, су арнасына құя алмай, іркіліп тұр. Кәмшат деген тіршілік иелері бар. Адамдар секілді ағаштарды кеміріп құлатып, алып бөгеттер салады. Міне, су тышқандары салған бөгеттер Сарқырама бұлағын бітеп, су жайылуына кедергі келтіруде. Мол су орманға сіңіп, арнасына түсе алмауда. «Табиғат құрылысшылары» салған бөгетті адам күшімен не техника көмегімен бұзып, аршу мүмкін емес.

Өзен аңғарын аралап, су тартылуының себебін анықтау үшін құрылған Сырым ауданының комиссиясы орманның тұсынан ескі су жолын тапты. Жолды техникамен тазалап, бұлақты Бұлдыртыға қосу керек. Жетікөл, Бұлдырты ауылдық округінің азаматтары эксковатор апарып, өз күштерінше әрекеттеніп көрді. 70 - 80 метр аралықты шынжыртабанды трактормен тазалап, жаңа су жолын салса, Бұлдырты кемеріне қайта келеді деген үміт бар, - дейді Төлеген Төреғалиев.

Аудан басшысы бұл мәселені Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевке де дәлелді-дәйекті түрде баяндаған. Әрине, өңір билігі араласса, шаруа оңынан шешілер еді. Өзен жерді, жер малды, мал адамды асырап отыр. Сондықтан, бұл жоба қай траекториядан өлшеп көрсе де, тиімділігін дәлелдейді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале