28.10.2022, 16:46
Оқылды: 53

АИТВ жұқтырғандар толық арнаулы әлеуметтік қызметті қашан алады - министрлік жауабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырғандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселесін шешу жұмыстары басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220511174937509e

 Айта кетейік, осыған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Зарина Қамасова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда ол АИТВ жұқтырған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуы төңірегіндегі мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 379 бұйрығына сәйкес, АИТВ жұқтырған қазақстандықтарға уақытша және тұрақты тұру, жартылай стационар жағдайында, сондай-ақ үйде қызмет көрсетуге тыйым салынған.

Зарина Қамасованың дерегінше, АИТВ жұқтырған мүгедектігі бар адам жеке көмекшінің және оңалту орталықтарының қызметтерін пайдалана алмайды. Осыларды ескере отырып, депутат министрліктің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу қажет деп санайды.

Бүгін Астанада әлеуметтік қызметкерлерді марапаттау рәсіміне қатысқан вице-министр Е.Оспанов тілшілердің сауалына орай осы мәселеге қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыстар басталған.

«Бұл мәселе өте өзекті. Біз депутаттық сауалды алдық. Ол бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Кеше ғана Денсаулық сақтау министрлігінің бұл жобаға қатысты ұстанымын алдық. Осыны ескере отырып, мәселені қайта қараймыз», - деді Ербол Оспанов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале