Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жаңа премьера өтпек.
Театр Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Сахнагер - 2017» ұлттық театр сыйлығының және «Үздік драматург» жүлдесінің иегері, жазушы-драматург Мадина Омарованың «Айтылмаған сыр...» мұңды комедиясын ұсынбақ. Спектакльді театрдың көркемдік жетекшісі, «Парасат» орденінің иегері Нұргүл Жұбатова сахналайды.
Қойылымның 4 қараша күнгі премьерасына шығарма авторы арнайы қатысады деп күтілуде.
Ал қоюшы суретшісі - театрдың суретшісі, «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов.
Бір сағатқа созылатын спектакльде көрермен өмірді әл-қуаты жеткенше сүріп келе жатқан қос құрбы орта жастан асқанда күтпеген тосқауылға тап болатынына куә болады.
Мұңды комедия 4 қараша күні 18:00-де, 6 қараша күні сағат 17.00-де қойылады.
Айта кетейік, 6 қараша күнгі премьерада театрдың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Асқарованың 70 жас мерейтойына және шығармашылығына 50 жыл толуына арналған бенефисі өтеді.
Динара Тілекқызы,
zhaikpress.kz