Сырым ауданында әкімдердің халықпен кездесулері басталды. Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой ауылдық округінің орталығындағы тұрғындармен кездесті.
Округ әкімі Айбол Жакиевтің айтуынша, алдыңғы тоқсандарда өткен жиналыстарда халық көтерген бірқатар мәселелер шешілген, кейбіреуі жолға қойылған. Мәселен, 2023 жылға жоспарланған Шағырлой ауылына ауыз су құбырын тарту ісі облыстық қазынадан қаржы бөлінуіне байланысты мерзімінен бұрын басталып, қазіргі таңда «БатысГазСтрой» ЖШС Жымпиты - Шағырлой бағытында тіршілік нәрі өтетін трассаны қазу үстінде. Округке қарасты Көздіғара ауылына да су тартылуда. Құны 261,3 млн теңге болатын жобаны «Арай» ЖШС жүзеге асыруда.
Күн тәртібінде – Шағырлой ауылына кіреберіс жолды жөндеу, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салу, Көздіғара ауылынан күрес үйірмесін ашу сияқты мәселелер тұр.
Сарой ауылдық округінде 2 білім беру ошағы бар. Жиналыста Абай мектебінің бір топ азаматы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке мектеп дәлізінен оқушылардың тынығып, бос уақыт өткізетін бұрыштар жасақтауға, музейді жабдықтау және балабақшадан қосымша топ ашу туралы жазбаша ұсыныс түсірді. Мектеп директоры Гүлмира Еркетілеуованың айтуынша, ауыл көркейіп, бала саны өсуде. Нақты айтқанда 0 – 4 жас аралығында 71 бала бар. Осы қарқын бөбектер үшін жаңа топ ашу мәселесіне әкелді. Төлеген Төреғалиев балалардың мектепке дейінгі тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөлу ниетінде екенін айтып, жағдайды зерделеп, тиісті ұсыныстарды беруді тапсырды.
Аудан әкімі жиыннан кейін Абай орта мектебінде болып, coworking-орталықтың жұмысымен танысты. Айта кетейік, оқушылардың сабақтан тыс уақытта дамуына мүмкіндік беретін coworking-орталық ауданда алғаш болып Абай мектебінің қабырғасын ашылып отыр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz