8.11.2022, 11:45
Оқылды: 73

Ақжайықта бокстан ашық турнир өтті

Ақжайық ауданы Чапаев ауылында Балалар жылы аясында ауданда бокс үйірмесінің құрылғанына 25 жыл және аудандық «Жігер» спорт клубына 10 жыл толуына орай аталмыш спорт түрінен 2008-2010 жылы туған жасөспірімдер және 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар арасында облыстық ашық турнир өтті.

IMG_1862

Айтулы спорт бәсекеге Бөрлі, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Шыңғырлау, Ақжайық ауданынан, Орал қаласынан және көршілес Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан командалар қатысты. Жарыста 17 команда құрамында 250-ден астам былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол спорт мектебінің шәкірттері Ділжан Шарафутдинге, Насен Асылжанға, Саян Ғұбайдуллинге және Нұрдәулет Ізбасаровқа «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» спорттық разрядтарын табыстады.

Айта кету керек, бұл шараға ұйымдастырушылар жан-жақты тыңғылықты дайындалғанын байқауға болады. Өзге облыстан келген жарыс қонақтары жоғарғы деңгейде өткенін айтуда. Мәселен, маңғыстаулық бапкер Нұрлыхан Өтепберген спорттық сайысты ұйымдастыру деңгейі республикалықтан кем түспейтінін айтып, төрешілердің әділ қазылық жасағанына ризашылығын жеткізді.

Иә, үйірменің ашылғанына ширек ғасыр толды. Сол кездегі елдің жағдайы баршаға мәлім. Бірақ ешқандай қиындыққа қарамастан мақсатына жетуге талпынған бастамашыл азаматтар әр уақытта да болды. Сондай жандардың қатарындағы қазір белгілі жаттықтырушы Ерлан Хамзин ауданда алғаш бокс үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеген. Шағын ғана үйірмеден тәлім алған талай спортшы жылдар жүзінде аудан, облыс намысын қорғады, үш былғары қолғап шебері халықаралық жарыстардың жүлдегері атанды. Қазіргі уақытта ауданда жүзге жуық қатысуышы бар екі бокс үйірмесі жұмыс істейді.

Сонымен тартысты өткен бәсекеде балғын боксшылар келесідей нәтижеге қол жеткізді.  2008 жылы туғандар арасында Артем Романов («Арена» СК, 34 келі), Нұрсәт Мажитов (Атырау облысы, 36 келі), Ринат Ақболат (Ақжайық ауданы, 38 келі), Нұрдәулет Ізбасаров (Ақжайық ауданы, 40 келі), Жанарыс Садуақас (Маңғыстау облысы, 57 келі), Диас Жамағазин (Ақтөбе облысы, 63 келі), 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында Бекзат Бектемір (Ақжайық ауданы, 30 келі), Айтөре Қайырбеков (Шыңғырлау ауданы, 34 келі), Ихсан Кәрімолла (Орал қаласы, 34 келі ІІ топ), Саян Ғұбайдуллин (Ақжайық ауданы, 36 келі), Өтеген Өтеміс («Арена» СК, 38 келі), Семен Романов («Арена» СК, 40 келі), Ерасыл Наурызбай (40 келі ІІ топ), Нұртас Қайреддин (Атырау облысы, 50 келі), Жалғас Нығмет (Орал қаласы, 60 келі), Ералы Үмбетқалиев («Олимп» СК, 70 келі) және 2011-2012 жылы туғандар арасында Айдос Нұрқожа (Ақсай қаласы, 26 келі), Азамат Бектемір (Ақжайық ауданы, 28 келі),  Ниет Өмірзақов (Қазталов ауданы, 30 келі), Әзиз Телманов (Ақсай қаласы, 30 келі, ІІ топ), Мадияр Ерболатов (Атырау облысы, 32 келі.), Максим Кузыченко (Ақсай қаласы, 32 келі, ІІ топ), Ансар Қуанышқалиұлы (Атырау облысы, 34 келі), Нұрәділ Халел (Ақжайық ауданы, 36 келі), Бекарыс Жиенбаев (Ақжайық ауданы, 48 келі), Дания Жанай (Маңғыстау облысы, 58 келі) жеңіс тұғырынан көрінді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және кубоктармен марапатталды. Сондай-ақ жергілікті спорт жанашырлары мен бокс түлектері жас жеңімпаздарға өз сый-сияпаттарын тарту етті.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале