8.11.2022, 19:39
Оқылды: 78

Ұялыдағы ұлағатты шара

Қарашаның 4-інде аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ш.Жексенбев атындағы мектеп базасында «Білім берудегі инновациялық қызмет: ізденістер, перспективалар» тақырыбында аудандық семинар өтті.

1

Мектеп басшыларының көшбасшылық және зияткерлік әлеуетін нығайту, тәжірибе алмасу, кәсіби шеберліктерінің өсуіне әдістемелік қолдау көрсету, мектеп басшылары арасында ынтымақтастық атмосфераны орнату және көшбасшылық басқару әрекеттерін дамыту, педагогикалық инновациялық идеяларды білім беру мазмұнында жүзеге асыруды мақсат еткен семинарға аудан ұстаздарымен қатар қаладан арнайы қонақ та қатысты.

2

Семинар басында мектеп директоры Мәншүк Мұхамжарова мен  Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев сөз алып,  ұстаздар қауым үшін маңызды шараның осы мектепте өткізіліп жатқаны ауыл үшін, мектеп үшін үлкен мәртебе екенін айтып өтті. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин семинардың тақырыбы мен мақсат-міндеттерін таныстырып, сәттілік тіледі. Секция жұмыстары басталғанға дейін қонақтар мектеп тынысымен танысты.

Кейін семинар бағдарламасына сай қатысушылар төрт секцияға бөлініп, берілген тақырыптар бойынша жұмыстанды. Бірінші секция жұмысында дискуссия форматында мектеп директорлары, екінші секция жұмысында оқу ісі жөніндегі орынбасарлары коучинг форматында, үшінші секцияда тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тәжірибе алмасу форматында өз әдістемелерімен бөліссе, төртінші секция жұмысында бірлестік жетекшілерінің отырысы мастер-класс форматында ұйымдастырылды.

Мектеп директорларының бас қосуында  Ш.Жексенбаев атындағы мектеп  директоры Мәншүк Мұхамжарова   «Мектептегі басшылық құзыреттілік. Жетекші мектеп пен серіктес мектептің бірлескен тәжірибе алмасуы» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізіп,   жетекші  мектептердің  серіктес мектептерге қолдау көрсетуі, білім саласындағы  жаңалықтар мен өзгерістерге ашық болу, сол бағытта  белсенді шараларды жоспарлау, үнемі кәсіби  даму жолдары  туралы баяндады.

Семинар барысында тек зияткерлік ойын емес, ол сыни ойлау дағдыларын қалыптастыратын, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып оларға нақты жауап беруге үйрететін пікірсайысты технологиясын дамыту және дебаттық қозғалыстарды жандандыруға назар аударылды.  мақсатында Орал қаласы, Д.Қонаев атындағы №44 мектеп- гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Дебат» клубының жетекшісі А.Бақытжанова дебаттың өткізілу форматымен таныстырып, «Жастар бір мамандыққа бағытталмауы тиіс» тақырыбында көрсетілім ойын ұйымдастырды. Ойынға «Үкімет» және «Оппозиция» топтары қатысты. «Үкімет» тобының мүшелері А.Құсайынов атындағы мектептің директоры Асылбек Нұрғалиев пен  Б.Жәнекешев атындағы мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жаңылсын Отарбаева қазіргі жаhандану, өркендеу дәуірінде адамзат бір мамандық иесі емес, бірнеше мамандық иесі болудың артықшылығын дәлелдеп өз кейстерін ұсынса, оған қарсылас «Оппозиция» тобының мүшелері М-С.Бабажанов атындағы мектептің директоры Фархад Мұқатов пен Ш.Жексенбаев атындағы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдос Меңдіғалиев мамандық таңдаудан жаңылмауы адамның тағдырының да түзу жолға түсуі екенін дәлелдеді. Олар оқушы мамандық таңдауда тек бір ғана бағытты ұстанып, барлық жинақтаған білім мен білік дағдыларын бір арнаға, яғни бір мамандыққа бағытталуы керек деген ұстанымын ортаға салды. Ойын тартымды және қызықты өтті, ойыншылар өз пікірлерін нақты, тұжырымды дәлелдер арқылы көрсете білді. Ойын соңында «Дебат» клубының жетекшісі Алтынай Бақытжанова ойынды талдап, өзінің ұсыныстарын білдірді.

Семинар барысында оқушыларды ҰБТ-ға, пәндік олимпиадалар мен халықаралық зерттеу жұмыстарына дайындаудан бастап, білім сапасын арттыру жолдары, мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыру мен «Толық адам» тұжырымдамасы бойынша жұмыс жасау жолдары және білім саласындағы басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды.

Қорытынды бөлімде бөлім басшысы Бисенбек Насимоллин Орал қаласынан келген қонақтарға алғыс айтып, іс-тәжірибесімен бөліскен педагогтерді марапаттады. Семинарға қатысқан педагогтер алған әсерлерімен, ойымен бөлісіп кері байланыс орнатты. Алдағы уақытта осындай шаралар жалғасын таба бермек.

Анар Артықбай,

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале