Ақтөбеде соңғы айда 1700-ден астам адам ЖРВИ-ге шалдығып, ем қабылдады. Оның тең жартысына жуығы - 14 жасқа толмаған бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото дереккөзі: El.kz
Ақтөбеде апта сайын ауырып, ем іздеген адамдар саны артып отыр. Соңғы бір айда жүкті әйелдер арасында 125 жағдай тіркелген.
ЖРВИ-мен ауырған 293 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 69 жүкті әйел және 1 жасқа дейінгі 73 бала.
«Полимеразды тізбек реакциясы әдісімен 446 сынама зерттеліп, оның 126 (28,2%) оң нәтиже көрсетті. Тұмаудың В типі және А типі анықталды. Тұмау жұқтырған 87 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 55-і жүкті әйел. Тұмауға қарсы барлығы 143 217 адам егілді. Облыс халқының жалпы санының үлес салмағы 15,7% құрады», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, тұмауға қарсы вакцина үшін бюджеттен 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Вакцина Ресейден әкелінді.
Алдымен медицина, білім, әлеуметтік сала қызметкерлері мен құқық қорғаушылар вакцина салдырды.
Диспансерлік есепте тұрған адамдар да екпе қабылдады.
«Қазіргі кезде 100-ден астам адам ауруханада жатыр. Оның 86-ы - бала. Туабітті сал ауруына шалдыққан бір бала жансақтау бөлімінде. Жағдайы тұрақты ауыр. Өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ-ға шалдыққандар саны екі есе артты. Көбіне иммунитеті әлсіз топтарға қиын. Сондықтан вакцина салдыруға шақырамыз. Вакцина барлық емдеу мекемесінде бар», - деді Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, облыста барлығы 180 мыңнан астам адамға тұмауға қарсы вакцина салдыру жоспарланып отыр.