Кеше Казталов ауданы орталығында аудандық орталықтандырылған кітапхананың мәжіліс залында және Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің ғимаратында денсаулық сақтау саласы мамандарының бастамасымен халықпен кездесу жиыны өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызының төрағалығымен өткен жиындарға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы БҚО бойынша филиал директоры Нұржамал Жұмағұлова, филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Қуаныш Сансызбаев, Казталов аудандық ауруханасының директоры м.у.а. Руслан Ахметжанов (Казталов ауылында), №2 Казталов аудандық ауруханасының емхана меңгерушісі Альбина Наурызғалиева ауылдық округ әкімдері, бірқатар бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Жиынның күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі қаралып, талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы сөз алып, ауданымызда МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
-Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауының шеңберінде және ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған халықтың жоғары деңгейіне назар аударып, оларды тарту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Ауданымызда медициналық тіркеуде бекітілген халық саны 25288-ді құрайды. Екі аудандық аурухана ұсынған медициналық сақтандырылмаған тұлғалардың тізіміне сәйкес округ әкімдері өз округтерінің азаматтарын категорияларға бөліп сақтандырылмаған азаматтардың тізіміне талдау жасады. Шаруа қожалықтар, барлық шағын бизнес топтарының жұмысшыларын қамту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында шарт жасасу жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 2020-2021 жылдары - 672, 2022 жылдың 10 айында – 108 жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында шарт жасалған. Ол дегеніміз жұмысшының құжаттары заңдастырылып, төлемдері аударылуда. Ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары әр ауылдық округ медбикелерімен бірігіп және екі аурухананың жауапты медбикелері үй-үйді аралап, тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы, әр адамның өз мәртебесін анықтауы, бірыңғай жиынтық пакеті, азаматтарға қолжетімді медициналық қызметтердің көлемі туралы және т.б. жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді, - деді ол өз сөзінде.
Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның БҚО филиалы директоры Нұржамал Шамғонқызы МӘМС жүйесінің тиімділігін атап өтті.
- Облыс бойынша бойынша 10 айында халық саны 678 619 адам, онын ішінде сақтандырылғандар 565 483 (83,3 пайыз), сақтандырылмаған азаматтар 113 136 (16,67 пайыз). Азаматтардын сақтандырылу көрсеткіштері жыл басынан бері 82,5 пайыздан 83,3 пайызға көтерілді. Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың 5 қыркүйегінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұрын сақтандыру мәртебесін және МӘМС тізбесінен медициналық көмекті алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы міндеттелген еді. Қазіргі таңда медициналық сақтандыруға өткен жылдардың қарызын төлемей, алдағы 12 айға жарна аударып, 15 айға сақтандырылған мәртебесінде болуға мүмкіндік берілді. Яғни азаматтар 2020 жылдың 1 қаңтарынан осы күнге дейінгі қарыздарын төлемейді. Біздің ойымызша, бұл халықты медициналық сақтандыру жүйесіне көптеп тартуға ықпал етеді. Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС тізбесіндегі медициналық көмекті алады. Сақтандырылмаған халықтың шамамен 30 пайызы жаңа төлем түрін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар өткен берешегі жоқ дербес төлеушілердің МӘМС жарналарын ай сайын төлеу құқығы сақталады. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызы көлемінде – 3 000 теңге жарна төлейді, төлем сомасы өзгермейді, - деді филиал директоры. Ол өзінің мәлімдемесінде МӘМС жүйесі арқылы ем қабылдаған азаматтар жөнінде жалпы деректерді атап өтті. Мәселен, өңірде 2964 (675,2 млн) пациент, оның ішінде 1705 (374,8 млн) ауылдық округтерде тұратын пациенттер МӘМС шеңберінде тәулік бойы стационарда медициналық оңалту қызметтерін алған. Ал жоспарлы түрде стационарларда 14 455 пациент емделді (құны 3,4 млрд. теңге). Нұржамал Шамғонқызы «Бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз азаматтарды әлемуеттік қорғау болып табылады, осыған нақты назар аударуларыңызды және жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз. Егер де осы аталған жұмыстарды толыққанды орындамаған жағдайда, 113 136 азамат мүлдем қорғаусыз қалады, сонымен қатар, жоспарлы түрде медициналық көмек ала алмауы мүмкін. Онымен қоса өздеріңізге белгілі зейнетақы алу, табыс салығын төлеу, әлеуметтік сақтандыру мәселелері қарастырылмай қалатының назарларыңызға саламыз!», - деп МӘМС жүйесінің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
Казталов ауылында өткен жиында Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айдын Ержанов баяндама жасап, МӘМС жүйесін түсіндіру мақсатында аудандық аурухана тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қос жиында да аудан тұрғындары медициналық сақтандыру қорына төленетін жарнаның қайда жұмсалатындығы, жарнаны қалай төлеу керектігі сынды сауалдар жолданып, толық ақпарат берілді. Айта кетейік, төлем жарналары жөнінде ақпаратты қордың fms.kz ресми сайты, 1406 Call – орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы біле аласыздар.
Жиында жасалған баяндамаларға сүйенер болсақ, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің толық кешенін алады. Олар аурухана деңгейінде жедел жәрдем, МСАК деңгейінде учаскелік дәрігерлерді қабылдау. Ал, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерудің 2 кезеңі, мамандандырылған мамандардың кеңесі, КТ және МРТ диагностикалық қызметтері және басқа да қымбат тұратын медициналық қызметтер, оталар сақтандырылмаған азаматтар үшін қолжетімсіз. Сайып келгенде МӘМС - адам өмірінің заманауи кепілі. Медициналық сақтандыру жарнасын төлеу арқылы өзіміздің ғана емес, өзгенің де дансаулығын жақсартуға септігіміз тиеді.
Қыдыр Харесұлы,
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы
zhaikpress.kz