11.11.2022, 11:31
Оқылды: 51

Талдыбұлақтағы басты түйткіл – медицина

Кеше Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев ауылдастарымен жүздесіп, округті дамыту, түйткілдерін шешу жайын елмен бірге талқылады. Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

IMG_1049

Айдынғали Балғалиев – бұған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сырым аудандық филиалын басқарды. Әкімдік лауазымға сайланғанға дейін жеке қожалықта қызмет етті. Міне, Талдыбұлақ ауылдық округінің су жаңа әкімі еңбек тәжірибесіне сүйеніп, жерлестерін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатыстырып, округтегі жеке шаруашылықтардың әлеуетін көтеруді негізгі жұмыс бағыты етіп белгілепті.

IMG_1043

Талдыбұлақ ауылдық округі мал шаруашылығымен бірге егіншілікті де егіз ұстап келеді. Көктемгі далалық жұмыстарға  10 ауыл шаруашылық құрылымы қатынасып, 1220 га жерге дәнді – дақыл, 2750 га алқапқа майлы дақыл, 478 га біржылдық шөп егілді. Елді мекенде 2754 бас сиыр, 3138 бас ұсақ мал және 872 жылқы бар.

- Шаруашылықтардың барлығы дерлік қазіргі кезде мал өсіру, асылдандыру және оның азығын дайындау жұмыстарымен айналысуға бағытталған. Дегенмен, көп қожалықтарда мал басының деңгейі төмен. Біз даламызды сапалы түлікті көптеп өрбітуге тиіспіз. Мал басы артса – табыс артады, сәйкесінше ауылдастардың өмір сүру сапасы жақсарады, – деді Айдынғали Базарғалиұлы.

IMG_1063

Кейінгі жылдары ауыл мектебінің негізгі мәселесі – оқушы тапшылығы да бір ізге түскендей. Ауылға көшіп келген 4 шаңырақтың 11 баласы мектеп партасын толықтырды.

Ауыл тұрғыны, Талдыбұлақ орта білім беретін мектеп - балабақша - бөбекжай кешенінің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Дамира Хасанғалиеваның айтуынша, білім үйінде шешілмеген мәселелер әлі де бар. Мәселен, балабақшада балаларға кереует жетіспейді. 25 бүлдіршінге арналған бақшаға 22 бала тұрақты келіп жүр. Ал, тынығу бөлмесінде тек 18 кереует тұр.

Екіншіден – округте медициналық қызметтің сапасы сын көтермейді.

-Ауылда фельдшер бар, бірақ астында көлігі, сөресінде антибиотигі, қолында танометрі жоқ. Жылжымалы медициналық кешен ауылға келгенмен, елді емдеп қарық қылмай тұр. Фельдшер босамаған уақытта оның міндетін атқаратын медбикенің еңбекақысына неге қосымша жүктемесі үшін ақы төленбейді? – деп аудандық аурухана басшылығына базына айтып отыр талдыбұлақтықтар.

Медицина маңындағы мәселелерді аудан әкімі түгелдей қойын дәптеріне түртіп алды. Бүгін аудандық ауруханада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қатысумен жиын өтеді. Талдыбұлақтағы түйткілдерді Төлеген Төреғалиев сол жиналыста көтермек.

Ауыл іргесіндегі бөгетті бөгеу жұмыстарын тиянақтау, саябақты абаттандыру, ескі дүкенді спорттық залға айналдыру секілді ұсыныстар төңірегінде де жұмыстануға болатын секілді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале