Қарлығаш Мырзағалиева 1959 жылы 2 қарашада Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы орта мектепті тәмамдап, 1979-1981 жылдар аралығында Алматы қаласындағы есеп-кредит техникумында банктегі операциялық технология мамандығында оқыған. 1982-1987 жылдар аралығында Алматы халық шаруашылығы институтында білім алған. Аталмыш жоғары оқу орнынан бухгалтерлік есеп және қаржыгер мамандығын алып шыққан. 1977 жылы КСРО мемлекеттік банкінің Жымпитыдағы бөлімшесінде еңбек жолын кассир ретінде бастаған.
Айта кетейік, бұл мекеме 1998 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті Сырым аудандық қазынашылық басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі деп аталады. Қарлығаш Нығметқызы өзі еңбек жолын бастаған мекемеде Шәкен Мұрадимов, Назима Ниязғалиқызы, Мағалым Еменұлы, Аман Нұрмұханұлы және Надежда Григорьевна секілді қаржы саласындағы білікті мамандармен бірге қызмет атқарып, тәжірибе жинаған. 2000-2018 жылдар аралығында Орал қаласындағы облыстық қазынашылық департаментінде бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда зейнеткер.
– 1990 жылдары тұрғындардың тұрмыстық хал-ахуалы төмен болды. Адамдар арасында айырбас шарты көбейді. Салықтар және басқа да төлемдер түспегендіктен, бюджеттегі қаражат аз-тұғын. Тұрғындарға 5-6 ай бойы еңбекақы, зейнетақы берілген жоқ. Осы бір қиындықтан шығу бағытында бірқатар жоба жасалып, ұлттық валюта енгізілді. Мен де ел қатарлы еңбек еттім. 1993 жылы тарихи маңызы бар ақша реформасына қатыстым. Ол кезде мемлекеттік банктің Жымпитыдағы филиалы «Есептеу-касса орталығы» деп аталатын. Мен сол орталықта бас бухгалтер едім. Аталған жылы 15 қарашадан бастап сағат таңертеңгі 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін қолма-қол ақшаны Сырым ауданының орталығындағы және ауылдық округтердегі жеке тұлғалардан, мекемелерден қабылдап, оны түнімен реттеп, таңғы сағат 4:00 шамасында үйімізге қайттық. Кассирлер Бақыт Рахметова мен Гүлжиян Каринаның еңбегі зор. Ал есепшоттағы, депозиттегі, шетелдік валютадағы, корреспонденттік шоттардағы ақшаларды теңгеге ауыстыру кезінде мекеме басшысы Роза Мырзаққызы және банк мамандары Алтын Ерғарина, Ақмарал Меңдіғалиева, Зейнеп Мәмбетбаева тынымсыз тер төкті. Осылайша 5 күн бойы ақша ауыстыру ісін жүргіздік. Шектеулі уақыт ішінде ауызбіршіліктің арқасында реформаны сәтті өткіздік. Жалпы ұлттық валютаны енгізу ел тәуелсіздігін нығайтуға, мемлекеттегі қаржы-несие саясатының жүйелі жүргізілуіне зор ықпалын тигізді. Барша қаржыгерге мереке қарсаңында зор денсаулық, амандық-саулық тілеймін, – деді Қарлығыш Нығметқызы.
Қырық жылдан астам уақыт бойы қаржы саласында жемісті еңбек еткен Қарлығаш Мырзағалиева жемқорлық түп тамырымен жойылса, құқықбұзушылықтарды жою ісі қатаң қадағаланса, мемлекетіміздегі экономикалық қиындықтар азаяды деп түсінеді. Жастардың адал еңбек еткенін қалайды. Сала ардагері облыстық қазынашылық департаменті тарапынан түрлі грамоталар алған және 2019 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Марқұм жұбайы Аманкелді Нұрпекеұлы екеуі Асылұлан, Ерлан есімді азаматтарды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде Астана қаласында тұратын зейнеткер үлкен ұлынан Санжар, Сырым және Саид есімді үш немере сүйіп отыр.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz