17.11.2022, 9:15
Оқылды: 69

Ақын кітабы Брайль қарпінде

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада «Брайль қарпі –  білімнің бастауы» атты әдеби кеш өтті. Аталмыш іс-шарада жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі Шер» кітабының нүктелі-бедерлі қаріп түріндегі және аудио нұсқалары таныстырылды.

07aa751a-b6e1-4887-baf8-6b35360b13f5

Әдеби кешке өңірімізге белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, «Әлішер Науаи» атындағы төсбелгінің иегері, ақын Талап Таймасұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ертай Бимұханов, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония басшысының орынбасары Абдул Рахметов және кітапхананың тұрақты оқырмандары мен студент-жастар қатысты. «Шідерлі Шер» – жаңа ақпараттық-кітапханалық жоба аясында өңір ақын-жазушыларының туындылары арасында тұңғыш рет Брайл қарпімен жарық көрген кітап. Әдеби кеш Кенен Әзірбаевтің «Ой жайлау» термесімен басталып, әрі қарай Асантемір Қаршығаұлымен сыр-сұхбатқа ойысты. Ақын бұған дейін жарық көрген «Тәңірге хат», «Өз аспанымның астындамын» жыр жинақтары жайлы кеңінен әңгімелеп, «Шідерлі Шер» кітабының Брайль қарпімен шыққанына қуанышты екенін айтты.

7cacd28c-e81e-4950-a8a6-4e0d266791f9

Айта кетейік, Брайль қарпі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жазу жүйесі. Бұл әліпби көру қабілеті нашар жандарға жазу мен оқуға мүмкіндік сыйлады. Мұны 1824 жылы көру қабілетінен айырылған француздық Луи Брайль есімді 15 жасар бала ойлап тапқан.

– Ең алдымен, осындай игі бастаманың жарыққа шығуына жол ашқан азаматтарға алғыс айтамын! Көру мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғаммен тығыз байланыста ұстап, оқуға деген құштарлығын оятқан кітапхана ұжымына ризамын. Сонымен қатар тағдырдың тауқыметіне мойымай, әр нәрсені білуге, түсініп, сезуге ұмтылған жандардың зейіні ашылсын. Жарқын сәттер мен шуақты күндеріміз көп болсын, – деді Үзілдік Елеубайқызы.

Кеш барысында М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенттері – Асылбек Қуанышқалиев пен Арман Дүйсенқұлов жаңа кітаптағы өлеңдерді нүктелі-бедерлі  қаріп арқылы оқып берді. Келген қонақтар мен студенттер оларға  қошемет көрсетті.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале