20.11.2022, 16:19
Оқылды: 86

Он төрт студент алғаш рет дауыс беруде

Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжі ғимаратында орналасқан №268 сайлау учаскесі дауыс берушілерге ыстық шәй мен бауырсақ ұсынып, әдемі әуен ойнатып қарсы алуда.

15

Аталмыш сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Мұхтар Зейнұрдың айтуынша, дауыс беруге келгендердің қатарында 14 студент биыл ғана он сегізге толып, алғаш рет таңдау жасағалы жатыр. 

– Біздің сайлау учаскеміз өз жұмысын таңғы сағат 7:00-де бастады. Жалпы саны 1655 адам тіркелді. Оның ішінде түрлі жастағы азаматтар бар. Сондай-ақ партия өкілдерінен байқаушылар және халықаралық тәуелсіз бір байқаушы қатысуда. Сағат 11:00-ге дейін дауыс берушілердің 35-40 пайызы келіп үлгерді, - деді Мұхтар Ғафурұлы.

18

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелердің таңдау жасаудан тыс қалмай, көппен бірге өз дауыстарын бергенін көрдік. Жасы 82-ге жеткен Халиолла Жүсіпқалиева елдің ертеңі үшін келгенін айтып, ізгі тілегін білдірді.

– Соңымыздан ерген ұрпақтың болашағы жарқын болсын деген ниетпен осы науқанда өз таңдауымды жасадым. Біздің құнды қазынамыз – тәуелсіздік! Осы тыныштығымызды сақтап, алдағы күнге жаңа деммен аяқ басуымыз қажет. Елдің тізгінін ұстаған һәм ұстайтын азаматтарға зор денсаулық тілеймін, - деді Халиолла Каримоллина.

17

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі даярлық тобының І курс студенті Зейнеп Амангелді бүгін бірінші рет дауыс берді.

16

– Мемлекет үшін маңызы зор бұл науқанда қалыс қалмауды жөн көрдім. Алғаш рет қатысып тұрғасын әсер де бөлек. Үлкендердің жастарға сенім артып отырғаны белгілі. Сондықтан студент-жастар да өз кезегінде белсенділік танытуы керек деп ойлаймын, - дейді студент Зейнеп Айбарқызы.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале