Жақында Достық үйінің конференция залында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ашылды.
Іс-шараға облыстық білім басқармасына қарасты білім беруді дамыту орталығының басшысы Гүлмира Құбашева, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, меценат, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, аталған бірлестіктің төрайымы Жансая Есмағұлова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллин қатысты.
– Аталмыш бірлестіктің негізгі қағидасы ұрпақ тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде бірлестік филиалдары ашылды. Күні бүгін 45 000-нан астам ата-ана бірлестік мүшесі атанды, - дейді «Сенімен болашақ» РҚБ БҚО филиалының басшысы, модератор Шынаргүл Арыстанова.
Дөңгелек үстелде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ БҚО кәсіби даму институтының директоры Софья Ізмұханбетова бірлестік филиалының ашылу салтанатымен құттықтап, ұлттық құндылықтар, отбасылық дәстүр, қоғамдағы тәрбие туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Іс-шарада сөз алғандар қоғамдық бірлестіктің отбасындағы тәрбие мәселесін шешуге көңіл бөліп, ата-аналар мен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған диалог алаңына айналатынына сенім білдірді.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы