Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс кулуарында Ресейдегі ішінара әскерге жұмылдыру кезіндегі көштің экономикаға қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанына 2 ай өтті. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? Жағымды және жағымсыз жақтарын айтып берсеңіз. Салдары болды ма?» - деп сұрады журналист.
«Әзірше оның жағымсыз жағын айта алмаймын. Бұған дейін мұның уақытша құбылыс екенін айтқан едім. Шынында солай болды. Мобилизацияның алғашқы екі аптасында 200 мың ресейлік біздің елден шығып кетті. Олар Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланған. Қалғандары елде 90 күн бола алады. Олардың осындай құқығы бар.
Әуелде әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсті. Кейін ол мәселе шешілді. Қазақстан өзінің қонақжайлығын көрсетті», - деді минситр.
Оның пайымынша, аталған құбылыстың Қазақстан үшін жағымды жағы да болған.
«Меніңше, жоғары білікті мамандарды талап ететін салаларда әділ бәсекелестік күшейді. Мысалға IT саласын алуға болады. Коронавирус пандемиясы бұл саланың дамуына серпін берді. Сондай-ақ бізге Ресей, Беларусь және Украинаның IT-мамандары ағылды. Менің ойымша, бұл экономиканың дамуына оң әсер етеді. Оның ішінде цифрландыру да бар.
Сонымен қатар, көрші елден келген мұндай ағыны ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысқа әсерін тигізеді. Әрине, бағаға әсер етеді. Басында дүрбелең болды. Кейін жағдай тұрақталды. Менің ойымша, сауда балансына да оң әсерін тигізді. Өйткені, адамдар осында келіп, түрлі қызметтер мен тауарларды сатып алады, демек, біздегі қызметтер экспортталды. Оны біз осында ресейліктерге саттық. Мұны өз аумағымыздағы қызмет көрсету экпорты дейді. Бұл да жалпы сауда балансына оң әсерін тигізді», - деді Әлібек Қуантыров.